Басты бетке Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі Кіру       


Сайт мәзірі  



































 Іздеу:
 
free counters
Free counters

АУДАН ӨТКЕН АСУЛАР

Байғанин ауданының әкімшілік – территориялық жағынан жеке құрылым ретінде аталуы 1928 жылдан басталады. Бұған дейін Адай округінің құрамында болып келген бұл өңірдің дербес басқару жүйесінің өмірге келуін қолда бар деректерге сай айтар болсақ, оқиға былайша өрбіген. 1928 жылдың тамыз айында Терісаққан сайының бойында 12 болыстың өкілдері қатысқан жиналыс болады. Бұл жиналысты Адай округі атқару комитетінің төрағасы С.Масатов ашып, басшылық еткен. Осы үлкен бас қосуда аудандық атқару комитетінің төрағасы болып Шыманов деген азамат, ал оның хатшысы болып Жалмағанбетов Айтжан деген тұрғылықты жердің өкілі сайланады. Ол кезде партия мүшелерінің өте аз болуына байланысты партия ұясы (ячейка) құрылады да, Сәлменов деген коммунист осы ұяның хатшысы болып сайланады.

Ауданның құрылуы жөніндегі жоғарыдағы дерек ресми құжаттардан алшақ кетпейтін сияқты. Олай дейтін себебіміз: 2001 жылы басылып шыққан «Ақтөбе энциклопедиясында» Байғанин ауданы туралы берілген мәліметте аудан құрамына Адай – Табын руларынан тұратын 11 болыс кіргені атап көрсетілген. Ал 1932 жылы Ақтөбе облысының құрылғаны баршаға белгілі. Сол кезде облыс көлеміндегі 28 ауданның бірі осы Табын ауданы болған. Демек, Табын ауданы Ақтөбе облысына қосылғанда, аудан құрамындағы 12 болыстың біреуі – Тайсойған – Сағыз болысы басқа құрылымға, нақтылай түссек, қазіргі Қызылқоға ауданының құрамына енген болып шығады.

Ауданға Табын атауының берілуінде де ақылға қонымды заңдылық бар. Бұл – Кіші Жүз өңіріндегі халықтың үлкен бір тайпалық одағын құрайтын Жетіру тайпасының аса ірі тармағы. Бұл ру да Адайлар сияқты көшпелі тұрмыс кешкен. Арал мен Каспий теңіздерінің аралығында көшіп – қонып жүрген. Қысқа қарай Үстірт асып, Маңқыстаудың ойына дейін барады. Асмантай – Матай, Сам секілді құм шағылды, қысы жұмсақ өңірді қоныстанса, көктем туа солтүстікті бетке алып, облысымыздың Елек, Қобда өңірлеріне, Ырғыз даласына дейін жетіп жайлап қайтатын болған. Бір сөзбен айтқанда, тыныс – тіршілігі бір – біріне ұқсас осы екі үлкен рудан тұратын болыстықтар өкілдерінің бас қосуында ауданның атын қалай атасақ екен деген пікірдің сарапқа салынғаны сөзсіз. Бұл кезде Адай округі әлі де өмір сүріп тұрған еді. Сондықтан да жиналыста жаңа құрылымның атын Табын ауданы деп атауға келісілгендігі жөнінде ой түйіндеуге болады. Сонымен бірге бұл мәселенің саяси астары да болуы мүмкін. Алдағы уақытта халықты отырықшылыққа бейімдеу, ұжымдық шаруашылықтар құру мақсаты күн тәртібіне қойыла бастаған еді. Бүкіл Доңызтау, Оймауыт, Үстірт өңірін мекен ететін табын руын үкіметтің құзырына көндірудің, олардың әрі қарай лықсып кетпеуін қамтамасыз етудің алдын ала ойластырылған бір шарасы да болуы мүмкін. Қалай дегенмен де бұл атау 1940 жылға дейін өзінің ұйымдастырушылық рөлін ойдағыдай атқара білді. Он жылдан астам уақыт ішінде аудан көлемінде партиялық ықпал нығайып, ауылдық кеңестердің жұмысы күшейді, күш көрсету органдары жүйесі қалыптасты. Сөйтіп халықты ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтындай құдірет пайда болды. Демек, ауданның атауын бір рудың атында қалдыра беруді билік басындағылардың «партия саясатына қайшы» деп тұжырым жасауына толық негіз бар. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып шыға келетін өктем идеология аудан атауын оп – оңай өзгерте салады. Атақ – даңқы дүрілдеп тұрған халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің есімі ауданымызға берілуінің ықтимал қисыны осылай болса керек.

Әрине, ауданның қадірлі ақын есімімен аталуын жұртшылық қуана қарсы алған болар. Өйткені аудандық атқару комитеті 1938 жылғы 16 мамырда арнайы қаулы қабылдап, жоғарғы органдардың алдына аудан орталығын Жарқамыстан темір жол бойындағы Қарауылкелдіге көшіру және аудан атауын Сталин атына өзгерту жөнінде мәселе қойған. Одан әрі бұл мәселе облыстық атқару комитетінде қаралып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Советінің қарауына ұсынылады. (Ақтөбе облыстық мұражайы. 85 – қор, 1-терім, 1574-іс, 97-бет). Көріп отырғанымыздай, аудан басшылығы аудан атауын өзгертуді күні бұрын ойластырған. Дегенмен олардың ұсынысы аяқсыз қалған. Бұл ұйғарымды аудан жұртшылығы ұзынқұлақтан болса да естіген болуы керек. Сондықтан да тұрғындар ауданның ақын есімімен аталуына ризашылықпен қарады деуіміздің себебі сол. Ал олар бұл өзгеріске қарсы болды деуге мүлде негіз жоқ. 1940 жылға дейін – ақ арынды адайың да, тегеурінді табының да партияның саясаты мен идеологиясының илеуіне көніп болған еді.

…Сонымен аудан құрылды, орталығы болып кейіннен Тасаудан аталған жер белгіленді. Бірақ ол жерге барып орналасуға мүмкіндік болмағандықтан, аудан басшылығы қазіргі Қаражар елді мекенінде кезінде Құрмаш ахун салдырған Көкмешітті пайдаланады. Белгілі ұстаз, зейнеткер Жақанов Бисеннің облыстық мұражайда сақталған құжаттардан алған деректері бойынша Көкмешіт 1930 жылға дейін ауданның орталығы болып келген. Бұл кезеңде Тасауданнан кірпіш басылып, олар күйдіріліп, құрылысқа дайындық жұмысы жүріп жатады. Алайда жер бедерінің аудан орталығы болуына қолайсыздығы, екінші жағынан ауыз судан тапшылық болатыны ескеріледі де, орталық болатын қоныс басқа жерден іздестіріледі. Сөйтіп қазіргі Жарқамыс селосы орналасқан жер қолайлы деп танылады. Аудан орталығы бұл мекенге 1930 жылдың аяқ кезінде көшіріледі.

Өткен екі жылда басшылықты нығайту бағытында біршама жұмыстар атқарылған. Байларды кәмпескілеу, халықты ортақ шаруашылықтарға біріктіру шараларына сенімсіздікпен қараған халық жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында оңтүстікке қарай, тіпті Қарақалпақстанға, Түрікпенстанға ауа көшкені тарихтан белгілі. Аудан дербес құрылым болғаннан кейін сол халықты кейін қайтаруға ерекше маңыз беріледі. Бұл іске аудандағы елге беделді адамдардан арнайы топ құрылып, партия, кеңес, жастар ісі активтерінің қатысуымен көшіп кеткен елдің арасында үгіт – көпшілік жұмыстары жүргізіледі. Үкімет саясатын мойындағысы келмегендерге қарулы жасақтар арқылы күш көрсетілген. Өлкелік партия комитетіне басшы болып келген Голощекинінің Қазақстанда «Кіші Қазан» төңкерісін жасау жөніндегі саясаты халықтың қалыпты тіршілігіне елеулі нұқсан келтірді. Осындай себептен халықтың белгілі бір топтары мен қарулы жасақтар арасында қанды шайқастар да болған. Әрине, мұндай қарсылық көрсеткендерге кезінде «бандылар, бандылық топтар» деген айдар тағылғаны аян. Сол шайқастарда аудандық жалшылар комитетінің төрағасы Оразов Иса, Нұрманов Жанбоз, Құлғарин Мұқан, Айжарықов, Әлденов сынды жас белсенділер, Елбетов Тойжан, Байтақов Әжібай, Үмбетов Алтыбай секілді партия, кеңес активтері қаза болады. Мұндай жағдайда қарсылық білдірген тараптан да опат болғандар қатары аз болмаса керек.

Өз еркімен болсын, күштеп болсын қайтарылған халықты тұрақты қонысқа орналастыру ісі үлкен қиындықтармен жүзеге асырыла бастайды. Үкімет саясатына қарсы болудың жақсылықпен аяқталмайтынын түсінген көпшілік біршама сабасына түсіп, қалыпты тіршілігіне кіріседі. Жер – жерде серіктестіктер ұйымдастырылып, ауданда жеке шаруашылықтарды біріктіретін ұжымдар құрылған. Бұл көшпелі елді колхоздастырудың бастамасы болғаны белгілі. Осы орайдағы құрылымдар бірде серіктестік, бірде артель деп аталса, 1932 жылғы наурыз айындағы партиялық құжатта 37 колхоз деп көрсетіледі. 1940 жылға дейінгі деректерде 52, кейде 54 серіктестік құрылды деген жазбалар кездеседі. Әрине, мұндай қоғамдастыру тұтастай алғанда, бір мезетте немесе бір – екі жылдың ішінде жүзеге асырылды деу артық болар. Өйткені жоғарыда көріп отырғамыздай әр жылда әртүрлі цифрлар бой көрсетеді. Дегенмен, осы колхоздастыруға байланысты алғашқы жылдардың өзінде біршама шаралар атқарылды деуіміздің қисыны осындай.

Облыстық партия комитетінің мұражайында сақталған аудан партия ұйымы жөніндегі құжаттарда 1930 жылдың қыркүйегінде аудандағы партия ұяларының есебінде 16 адам болған. Сол жылы 8 қыркүйекте осы партия ұяларының біріккен жиналысы өтеді. Оған 12 партия мүшесі, 4 партия мүшелігіне кандидат, партияда жоқ 10 адам, 12 комсомол мүшесі және 4 әйел қатысқан. Жиналыс партия қатарына өтуге тілек білдірген 30 адамның өтінішін қарайды. Демек, партия ұйымы өз қатарын ауыл белсенділері есебінен толықтыруды ойластырған. Сол жылы округтік партия комитетінің бюросы Табын ауданында партия ұйымының жалпы жиналысын өткізу жөнінде қаулы алады. Бұл жиналыс 1930 жылдың 18 – 21 қыркүйек күндері өткізіледі. Жиналысқа партия мүшелерінен – 20, мүшелікке кандидаттардан – 15, комсомол мүшелерінен 15 адам қатысады. Жиналысты Ақшатаев деген азамат кіріспе сөзбен ашады. Ол өткізіліп отырған жиналыстың конференция дәрежесіндегі маңызы бар екенін айтады. Жиналыста «Әкімшілік – территориялық басқарудың округтік жүйесінің жойылуына байланысты аудан партия ұйымының міндеттері» (баяндамашы Әлжанұлы), «Басты шаруашылық науқандарын: мал шаруашылығы, жүн дайындау, бірыңғай шаруа салығын жүргізу, мемлекет қарызын пайдалану» (баяндамашы Ақшатайұлы) және сайлау мәселелері қаралып, талқыланады. Жиналыс 9 адамнан аудандық партия комитетінің мүшелерін, 4 адамнан мүшелікке кандидаттарын сайлайды. Бақылау комиссиясының өкілін және үш адамнан тексеру комиссиясының құрамын сайлайды. Аудандық партия комитетінің хатшылығына Әлжанұлы сайланады.

Байқап отырсақ, Табын ауданын құру жөніндегі алғашқы жиналыста аудандық атқару комитетінің төрағасы және аудандағы партия ұясының хатшысы болып сайланған азаматтардың есімдері мына жиналыста аталмайды. Олар жоғарыдағы партиялық жалпы жиналыстан біраз бұрын қызметтерінен босатылған сияқты. Оған себептер де жоқ емес. Екі жылдың ішінде аудан партия ұйымының мүшелік құрамының өсуі өте мардымсыз. Елді отырықшыландыру, жер – жерде кеңес үкіметінің саясатын жүргізу мәселелерінде әлі де елеулі олқылықтар орын алған.

Ауданға жаңа басшылық келгенмен, шаруашылық, әлеуметтік мәселелердің қалыпқа келуі оңайға соққан жоқ. Үкімет саясатының өктемдігі халықтың ереуілдеп күн кешуіне әкеліп соқтырды. Бұл кезде аудан көлеміндегі ірі – ірі байларды кәмпескілеу ғана емес, орташа дәулеті бар адамдарды да осы санатқа кірістіру белең алады. Мұндай қысымға төзгісі келмеген халықтың наразылығы күшейеді. 1931 жылдың бас кезінде ауданның оңтүстік өңірінде айтарлықтай толқулар болады. Тіпті кей жерлерде халықтың көтеріле көшіп кету фактілері орын алады. Әрине, аудан партия ұйымы мен аудандық кеңес басшылығы мұндай көріністі байлар мен бандылардың кеңес құрылысына қастандығы, солардың үгіт – насихатының әсері деп бағалайды және мұндай әрекеттерге тыйым салу үшін жоғарыдан әскери жәрдем көрсетуді сұрайды. Сол жылғы жазда айтулы «Адай көтерілісінің» бұрқ ете қалғаны белгілі. «Құланның қасынуына – мылтықтың басылуы» дегендей, аудан халқының ереуілді тобы осы қозғалысқа қосылып жүре берді. Аудан комсомол ұйымының 1930 – 31 жылдардағы хатшысы Ержанов Молданның аудандық «Ленин туы» газетінде 1967 жылғы 19 ақпанда жарияланған бір естелігінде «бұл бас көтеру 1931 жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін созылды» деп жазады. Ал ауданымыздың соғыс және еңбек ардагері Ебжасаров Зейнет «көшкен елді қайтаруға және «бандыларды» жоюға ауданнан 200 адам аттандырылды. Сондай – ақ, облыстан 10 машинаға тиелген әскер аудан үстінен өтті» деп еске алады. М.Ержановтың айтуынша шайқас болған жерлер Жем өзені бойындағы №2 ауылдан бастап, қазіргі Дияр елді мекеніне дейінгі өңірді қамтыған. Осы шайқастарда Ержан Махамбетов, Сапарбай Әлібеков, Жұма Мұратбеков, Смағұл Ешекенов сынды коммунистер, Қырым Нұрманов, Камал Арапов, Іскендір Жарбаев секілді комсомол мүшелері оққа ұшып қаза болады. «Адай көтерілісі» қаншалықты аяусыздықпен басылса, аудан территориясындағы бас көтеруге де ешқандай рақымшылық жасалмағаны өзінен - өзі түсінікті. Тарихта қуғын – сүргін құрбандары 1937 – 1938 жылдардың есебіне жатқызылады, ал біздіңше осы зобалаң Табын ауданы үшін аудан құрылған алғашқы жылдардың өзінде – ақ басталған сыңайлы. Бұл – «асыры сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп қожа молдаларды қара есекке мінгізіп, қамшымен қойдай қуған, ұрандатқан науқанмен тұспа – тұс кезең. Ал «бандылар көтерілісі» күшпен басылғаннан кейін, бұған қатысушылардың бас көтерерлері «контра» атанып, айдалып кеткені сөзсіз. Оларды ішке қарай алып кеткеннен соң, қандай жаза қолданылғаны бізге белгісіз, ондай деректер жойылып жіберілмесе, сол кездегі НКВД – нің құжаттарында ғана сақталуы мүмкін. Аудан партия ұйымының, аудандық кеңес органдарының құжаттарында бұл жөніндегі фактілер жалпылама болмаса, нақты айтылмайды.

1931 жылғы 30 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Жарқамыста Табын аудандық бірінші конференциясы болады. Конференцияда сайлаулардан басқа бес мәселе қаралып талқыланады. Шешуші дауыспен 23 делегат қатысқан конференция қабылдаған қаулыларда аудандағы партиялық ұйымдастыру, ауылды кеңестендіру, шаруашылық мәселелерінің жәй – күйі жөнінде мыналар аталып көрсетіледі: бір жылдан астам уақыт ішінде партия мүшелері мен мүшелікке кандидаттар саны 142 – ге жетіп, олар 6 ұяға біріктірілген. Жастар одағындағы комсомолдар саны 700 адам болған. Жеке шаруашылық қожалықтарының 50 пайызы ғана серіктестіктерге шоғырландырылған. Бұл жұмыстағы сылбырлық қатты сынға алынған. Сондай – ақ, бірыңғай шаруа салығын жүргізуде партия саясатын бұрмалаушылық орын алатыны, кейбір жерлерде байлардың салықтан негізсіз босатылуы бар екендігі сөз болады. Байшыл, феодалық қалдықтармен партия ұялары жеткіліксіз күрес жүргізіп отырғандығы атап көрсетіледі.

Конференцияда Өлкелік партия комитетінің мал шаруашылығын өркендету жөніндегі қаулысын жүзеге асыру жөніндегі алда тұрған міндеттер айрықша әңгіме болады. Осы кезеңге дейін ұжымдық шаруашылықтарда ортақтастырылған мал басы қойдан – 105 бас, ешкі – 367 бас, жылқы – 550, ірі қара – 434, түйе – 1687 болған. Бұл ретте ұсақ жандықтардың ортақтастырылуы мүлде сын көтермейтіндігіне ерекше мән беріледі. Жаз айларында 24153 гектар жердің шөбі шабылып, 16675 тонна пішен дайындалған. Бұл көрсеткішке жеке қожалықтардың да өз малына дайындаған шөбі қосылып есептелген тәрізді. Ортақ игіліктегі мал шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін алдағы жылы асыл тұқымды 10 қошқар, бір бұқа, екі айғыр, 50 саулық және 10 бие сатып алу міндеті алға қойылады. Сонымен бірге 50 гектар жерге екпе шөп егу, қоғамдық малға арнап 42 қора салу жөнінде шешім алынады.

Конференция 13 пленум мүшесін, 3 пленум мүшелігіне кандидат, 7 адамнан бақылау комиссиясын, 3 адамнан тексеру комиссиясын сайлайды. Ұйымдастыру пленумында аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы болып Әлжанұлы қайтадан сайланады. Бір айта кететін жағдай аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Ақшатайұлы конференцияға қатыспаған тәрізді. Бұл қызмет орнының басшысы конференция өтерден көп бұрын өзгертіліп, оның орнын Шәрапиұлы басқан. Ал мына конференцияда осы Шәрапиұлы президиумға сайланғандардың арасында екінші болып тіркеліп, онда «Ауылды кеңестендіру туралы» баяндама жасағанмен, ұйымдастыру пленумында бюро мүшелері құрамында жоқ. Бұл жерде екінші сатыға енді Наурызбайұлы деген азамат көтеріледі. Мұның мәнісі аудандағы кеңестендіру жұмысының әлі де көңіл көншітпейтіндігінде жатса керек. 1931 жылы қаңтар айында жергілікті кеңестердің сайлауы жоғарғы деңгейде, саяси өрлеу жағдайында өтті дегенмен сол жылғы жазда болған үлкен дүрбелеңнің әсерінен бұл саладағы жұмыс тіпті қожырап кеткен деу дұрыстыққа келеді. Мұндай дәрменсіздік жоғары органдарға, әрине, ұнамайды. Сондықтан да кінәні ауданның, бір немесе бірнеше басшысына үйіп – төгіп, ондайларды шықтасылға шығара салу – үйреншікті тәсіл. Жоғарыдағы жағдайларда саясат найзасының ұшы аудандық атқару комитетінің төрағаларына қадалып отырғандығын байқатады.

1932 жылы 22 наурыз күні аудандық партия комитетінің хатшысы (Әлжанұлы) Ақтөбе облыстық партия комитетінің алдында «Ауданның саяси – шаруашылық жағдайы жөнінде» баяндама жасап, есеп береді. Баяндамада 1928 жылы аудан құрылғаннан бергі жалпы жағдайға шолу жасалады. Аудан территориясының аса кеңдігі, соған сәйкес халықтың шашыранды орналасқандығы, олардың көшпелі тірліктен әлі де қол үзбегендігі, саяси және шаруашылық науқандарын жүргізуде таптық күрестің өрши түсіп, жүргізіліп жатқан шараларға бай – құлақ элементтерінің белсенді қарсылық көрсетіп келгені жіпке тізіледі.

Осы баяндамадағы ең өкінішті әрі таңқаларлық дерек – 1930 жыл мен 1931 жылдың салыстырмалы көрсеткіштері. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін ауданның осы жылдардағы бірқатар әлеуметтік – экономикалық көрсеткіштерін таблица түрінде берген жөн болар. Сонымен бірыңғай халық шаруашылығы салығына жатқызылған объектілердің есебі бойынша 1931 жылдың қорытынды мәліметі ортақтастырылған және жеке шаруашылықтарды қоса есептеп, 1930 жылғымен салыстырғанда жағдай төмендегідей:

Объектілер С а н ы өткен жылғыға
қарағанда (%)
1930 1931
Шаруашылықтар 11782 5769 48,8%
Адам саны 62663 27943 44,5%
Егіс 622 га 1373 172%
Пішен 600 24153 -
Жылқы 26260 7023 26%
Ірі қара 8458 7083 83,8%
Түйе 77000 20577 26,72%
Өгіз 146 89 69,9%
Қой 280628 19515 7%
Ешкі 24955 7316 28%
Есек 864 259 30%
Аудан бойынша барлық
мал басы
417441 61862 14,8%

Таблицадан көріп отырғанымыздай, екі жылғы мәліметтің бір – бірінен айырмашылығы аспан мен жердей. Әсіресе, аудандағы қожалық саны мен адам саны (баяндамада – едок – ауыз саны) елу пайыздан астам азайып кеткен. Ал мал санының күрт азайғанына таңданыс білдірмеске амал жоқ. Осыншама құлдырауды аудандық партия комитетінің хатшысы «келтірілген фактілерді айналып өтуге болмайды» дей келіп, бірқатар дәлелдерді алға тартады. Оның айтуынша халықтың жаппай, оның ішінде дәулетті отбасылары көшіп кеткен. Сондай – ақ, мал есебін жасыру амалдары орын алған. Әрине, отызыншы жылдан бері қарай ауданның партия және кеңес органдары тарапынан елді ұжымдарға біріктіру жөніндегі күштеу саясатының әсерінен халықтың белгілі бір бөлігінің жасырын түрде ауа көшуін теріске шығаруға болмас. Бірақ жаппай көшуіне ауданның деректі орындары ерік бере қоюы екіталай. Өйткені осы аумалы – төкпелі кезеңде ығысқан елді қайырып әкеліп, жер – жерге орналастырғаннан кейін, 1931 жылдың басында 25 ауылдық кеңестің болғаны атап көрсетіледі. Сол жылдың көктемі мен жазында ілгеріде айтылып кеткен оқиғаға байланысты халық үдере көшіп кетті деу шындыққа жанаспайды. «Бандыларды» тас – талқан етіп жеңген күш оларға ерген қалың тобырды да қойша айдап әкеліп, ауданның ішкері аймақтарына қайтадан қоныстандырғанын бекерге шығарудың жөні жоқ. Егер байлар мен қашып көшуге мүмкіндігі бар дәулетті қожалықтар бүкіл мал – мүлкімен көшіп кеткен болса, ауданда тәркілейтін байларды қайдан тапқан. Сөз болып отырған баяндамада «тек соңғы уақыттардың өзінде 120 бай колхоздардан аласталды, құлақтар мен олардың жандайшаптары қуылды» дейді. Енді осыларды кәмпескелеуден жиылған мал қайда кетті? Сатылды ма, сойылды ма? Бұл жөнінде ештеңе айтылмайды. Сөйте тұра мал басының азайып кетуінің тағы бір себебі аудан өңірінде жұқпалы аурулар етек алды деп сендіреді және оны қазақтардың малдарды жұқпалы аурулардан сақтандырудың жолын білмейтіндігінен көреді.

Бірақ ақиқаттың ауылы алыс емес еді. Адам саны мен мал басының дәл осылай ойсырай азаюының сыры 1930 жылдың аяғы мен 1931 жылдың басындағы қыста және 1931 – 32 жылдардың қысында жатқан сияқты. Аудан партия ұйымының обкомға есебі наурыз айының соңында берілгенін еске алсақ, жан түршігерлік нәубеттің басталып кеткенін аңғару қиын емес. Малды жұқпалы аурулардан қырылды деуге болар, ал адамдар аштықтан қырылды деу үкімет саясаты үшін, жұмсартып айтқанда, ашық ауыздық болар еді. Малдарын қысы жұмсақ жерлерге көшіп барып қыстатып, жазда мамыражай тіршілікке енетін халықты түре қуып әкеліп, осы жер сенің тұрақты мекенің болады дегенге халық көнгенмен, малдың жайы келіспейтіні бесенеден белгілі. Дайын тұрған мал азығы жоқ, қатал қыс жағдайында мал қырылмағанда қайтеді. Ал қазақтың жаны малымен бірге шықпай ма? Байлардың малын тартып алып, өздерін итжеккенге айдаса, кедейлердің азын – аулағын салыққа жинаса, олар екінші жағынан табиғат қыспағына ұшыраса, үкіметтің оларды асырауға мүмкіндігі жетпей жатса (егер ондай ниеті болса), нәубеттің төнгені емес пе? Осы қасіретті кезең 1933 жылдың орта шеніне дейін жалғасты деуге негіз бар. Өйткені Қазақстан территориясындағы жаппай ашаршылық кемінде екі жарым жылға созылған ғой. Аудандағы халықтың барған сайын азая беруінің сылтауын көшіп кеттіге сайғанмен, тарихқа белгілі жәйтті жасыра алмайсың. Аудандық партия комитетінің жоғарыға жолдаған 1935 жылғы аудан жөніндегі жалпы сыпаттамасында ауданда 15 ауылдық кеңес, 58 елді мекен бар екені көрсетіледі де, оларда 10290 адам есепте тұратыны айтылады. Сонда 1931 жылдың қорытынды есебі бойынша жоғарыдағы таблицада келтірілген 27943 адамның үш есеге қысқарғаны бадырайып көрініп тұр ғой. Бірақ облысқа жолданған аудандық партия, Кеңес органдарының құжаттарында халықтың аштықтан қырылғандығы туралы бір ауыз сөз айтылмайды.

1932 жылғы мамыр айының 20 – 21 күндері Жарқамыста аудан партия ұйымының екінші конференциясы болады. Осы конференцияда да Әлжанұлы аудандық комитеттің хатшысы болып қайтадан сайланады. Ол бұл қызметте 1933 жылдың басына дейін жасайды. Өзінің үш жылдай қызмет істеген уақыты ішінде бұл кісі ауылды колхоздастыру және кеңестендіру бағытында үкімет саясатын қатты ұстанған болуы керек. Өйткені елдің қашып – пысуы да, үкіметке қарсы бас көтеруі де, ақырында ашаршылықтың салдарынан қырылуы да осының тұсында болған. Мұндай адамдардың жоғарғы басқарушы органдарға ұнайтыны сөзсіз. Голощекин өз саясатын осындай шаш ал десе, бас алатын адамдардың қолымен жүзеге асырған ғой.

Аудан өміріне қатысты деректерді мұқият жинақтап жүретін зейнеткер – ұстаз Жақанов Бисен «Зобалаң жылдардың ащы запырандары» атты бір мақаласында: «көз көріп, құлақ естімеген аштық 1931 жылдан басталды» дей келіп,
Мал біткенді сыпырды,
Көрсетті көпке тықырды.
Елді аштыққа итеріп,
Ұрындырып тықсырды.
Қара жүрек жоқ шығар

Голош иттер сықылды, - деген ел жадында қалған өлең жолдарын келтіреді. Ал өзінің көзімен көрген жайды былай баяндайды: 1944 жылы Жыланды сайының Сағыз өзеніне құяр сағасына жақын, құм жиегінде аштық жылдарынан бері иесіз тұрған қыстаққа «Қаражар» колхозынан мал қоныстандырып, қыстап шығуға көшіп келгенде топтанған адам қаңқаларын әр жерден жинап көмгенін көрген едік». Әңгіме болып отырған мекен қазіргі Көлтабан ауылдық округіне қарасты территориядағы Қаражар қыстағы сол жылдан бері қарай осылай аталған. Жасы сексеннен асқан қарт кісінің әңгімесі: «ол кезде интернатта жатып оқитын баламыз, бірде ауылға демалысқа келгеніміз бар. Мезгіл көктем кезі еді. Мына Жарқамысқа қарай жүретін жолда Шұбарқұдық деген елді мекен колхоздың орталығы болатын. Өзіміз қатарлас балалармен бірге сай жағалап, құстың жұмыртқасын іздейміз, жуа тереміз. Сонда Қуырдақты сайының бойында көптеген қыстаулар бар еді. Бірақ олардың бәрі иесіз тұратын. Балалық қызығушылықпен солардың аңқиған есік – терезелерінен қарағанымызда, өлген адамдардың қатар – қатар жатқан мүрделерін көрген едік» дейді.

Арамызда жүрген қарт адамдардың қай – қайсысынан сұрасаң да, сол қасіретті кезеңді қабырғасы қайыса отырып еске түсірер еді. Бірақ олардың бәрін бірдей тәптештеп жаза берген де жөн болмас. Бұл айтылғандарды алға тартқандағы мақсат – бас – аяғы он жылға жетер – жетпес уақыт аралығында аудан территориясын мекендеген 63 мыңдай халықтың алты есеге құлдырағанын еске салып өту еді.

Енді 1932 жылдың наурыз айына қайта бір оралып көрейік. Аудандық партия комитетінің хатшысы ауданымыздағы коллективтендіру ісіндегі біздің табысымыз халықты отырықшылыққа көндіру ісімен тікелей байланысты дей келіп, бұл шара колхоздарды ұйымдық - өндірістік жағынан нығайтудың бірден – бір кепілі деп атап көрсетеді. Осыған орай аудандық партия комитетінің екінші пленумы «1932 жыл ішінде отырықшыланбаған бірде – бір колхоз қалмасын, отырықшылық үшін күрес, колхоздарды құрылымдық - өндірістік жағынан нығайту үшін» деген ұран көтереді. Ал ұран көтерілген жерде ұр да жық әдіс – тәсілдерінің қатар жүретінін әркім де түсінетін болар. Осыған қарап – ақ Әлжанұлы өзінің көздеген мақсатын орындауға барынша күш салған сыңайлы. Өкініштісі сол – бұл ұрандатқан шаралар халықты тозақ отына қарай жақындата түскен…

1931 жыл мен 1932 жылдың бірінші тоқсанына арналып Өлкелік үкіметтен 4000 тонна ет тапсыру жоспары берілген. Аудан басшылығы бұл тапсырманы орындау жолында аянбаған. Негізгі салмақ байлар мен дәулеттілерге түседі. Бөлінген үлесті дер кезінде орындамағаны үшін 202 бай мен 5 дәулетті адам сотталған. Мал дайындау кезінде ауылдардағы «оңшыл оппортунистердің және солшыл бұрмалаушылардың» ыңғайына көнген бірқатар коммунистер мен кеңес активтері де жауапқа тартылғанға ұқсайды. Осындай кінә тағылған 8 коммунистің ісі сотқа берілген. Бұдан коллективтендіру мен кеңестендіру саясаты өте – мөте қатаң талаптар тұрғысында жүргізілгенін көреміз.

Осыларды айта отырып, жер – жерде жүзеге асырыла бастаған әлеуметтік – мәдени шараларды аттап өте алмаймыз. Мәселен, осы кезеңге (1932 жылғы наурыз айы) дейін ауданда 5 тұтыну қоғамы, оның 10 бөлімшесі құрылған. 1930 – 31 оқу жылында 40 бастауыш мектеп ашылып, оларда 1414 оқушы оқыса, 1931 – 32 оқу жылында бастауыш мектеп саны 57 – ге жетіп, оларда 1751 бала оқыған. Алғашқы оқу жылындағы оқушылар арасында қыз балалар 404 болса, келесі оқу жылында олардың саны 724 – ке жетеді. Соңғы оқу жылында 19 ересектер мектебі ашылып, оған 1065 адам тартылады, бұлардың 265-і әйелдер болады. Бұлардан басқа бірінші жылы 30 сауатсыздықты жою пункті, келесі жылы 25 пункт ашылып, тиісінше 1471 және 1275 адам қамтылады. 1931 жылы бір қызыл отау, бір оқу үйі болса, 1932 жылы 3 оқу үйі, бір клуб, бір радио торабы, бір кино қондырғы жұмыс жасайды.

1933 жылы аудан партия ұйымының хатшысы болып Жабасов Юсіпқали деген келеді. Ал Әлжановтың дәл қашан және не себептен босатылғаны белгісіз. Бірақ Жабасов та көп тұрақтамайды. Сол жылдың шілде айында қызметтен кетеді. Оның орнын Жолжанов деген басады, алайда ол бар болғаны екі ай жұмыс жасайды. Оны Тәжібаев Темірбек деген алмастырады. Осы кезеңдерде аудандық атқару комитетінде де біраз өзгерістер болады. Атқару комитетін Әйтекенов, Нұрлыхин Әлмұқанбетов, Қойбағаров, Шарапиев, Тұрғанбаев дегендер басқарады.

1933 жылдың 17 желтоқсанында аудан партия ұйымының ІІІ конференциясы өтеді. Конференцияда аудандық партия комитетінің есебі жөнінде баяндаманы Т.Тәжібаев жасайды. Конференциядан кейінгі ұйымдастыру пленумында ол аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Осы жылдан бастап 1935 жылға дейінгі құжаттарда бұған дейінгі мәліметтерді қайталап көрсету басым. Көбіне колхоздар мен ауылдық кеңестердің саны, мал басы әңгіме болады. Шабылған жер, дайындалған пішен, егіс көлемі көрсетіледі. Жоғарыда тілге тиек етілген 1935 жылғы деректерге мыналарды қосуға болады: аудан көлемінде 3040 қожалық болған, оның ішінде 115 отбасы колхозға кірмеген. Егіс көлемі 7000 гектарға жеткен. Аудан партия ұйымының есебінде 37 мүше, 39 кандидат есепте тұрып, олар 8 бастауыш ұйымға біріктірілген.

Аудан партия ұйымының ІІІ конференциясынан кейін ұдайы аудандық комитеттің пленумы өтіп отырған. Бұл жағдай 1940 жылға дейін созылады. Ал осы кезеңдерде аудандық партия комитетінің хатшылары әлденеше рет өзгереді. 1935 – 1937 жылдары Байбазаров, 1937 жылы Тайлыбаев хатшылық міндет атқарса, 1938 жылы қайта – қайта ауысқан. Әрине, бұл да баршаға белгілі аумалы – төкпелі кезең еді.

Аудан өміріндегі елеулі жаңалық деп 1935 жылдан шыға бастаған «Социалды ауыл» газетін айтуға болады. Осыған орай аудан орталығында баспахана ашылып, аудандық газет редакциясы құрылған. 1936 жылы 10 адамнан домбырашылар үйірмесі ұйымдастырылады. Сол жылы аудандық атқару комитетінің қаулысымен облыстық атқару комитетінің алдына Жарқамыс поселкесінде Мемлекеттік банк бөлімшесін ашу жөнінде мәселе қойылады.

Бұл жылдарда қазақ елінің өмірінде де елеулі оқиғалар болды. 1936 жылы 5 желтоқсанда Қазақ Автономиялы Кеңес Социалистік Республикасы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы болып құрылады. Соған сәйкес 1937 жылдың март айында Қазақ КСР-інің Конституциясы қабылданады. Қазақстанның Одақтас Республика болуына байланысты Өлкелік партия комитетінің орнына Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитеті құрылады. Ел өміріндегі мұндай өзгерістер ауданның партия, кеңес органдарының жұмысына тиісінше әсер еткенін аңғаруға болады. Мәселен, 1935 жылы ауданда партия мүшелерінің құжаттарын жеке – жеке тексеру жүргізіледі. Ал 1936 жылы 25 – 26 тамызда өткен аудандық партия комитетінің V пленумыда «Партия документтерін алмастырудың қорытындылары туралы» мәселе қаралады. Жоғарыдағы тексерудің нәтижесінде 20 коммунист партия қатарынан шығарылған. Сөйтіп партия ұйымының есебінде 51 мүше, 56 мүшелікке кандидат болған. Әлгі 20 адамның тағдыры қалай болғанын бір құдай біледі.

Дегенмен, халықтың басына түскен ауыртпалықтың мерзімін бәлен күні, бәлен айда деп айта алмайсың. Мұндай жағдай біртіндеп, мысықтабандап ене береді ғой араға. Осы тұрғыдан келгенде, партия қатарынан шығарылған 20 адам аудан көлемінде қуғын – сүргін басталғанынан хабар бергендей. Бұл адамдар үкіметке қарсы болатындай не істей қойды дейсің. Көп болса, жұмыс жасап жүрген жерінде кемшіліктер орын алған шығар немесе олар жауап беретіндей участокте жоспар орындалмаған болар. Осылардың қай – қайсысы да кезінде партия саясатын қолдауға, кеңес жұмысының ілгері басуына шын ықыласымен үлес қосуға пейіл екендігін (ант беріп десе де болады) танытып, партия мүшелігіне өтті ғой. Соған қарамастан, партиядан қуылғаны жақсы ырым емес. Бұл ретте мынаны да ескермеске болмайды: тексеру кезінде партия мүшелері мен кандидаттарын бір – біріне аңдытып немесе бірінің өмір жолын екіншісінен сұрап, ерекше тәсіл қолданылуы мүмкін. Сосын қаймана қазақтың да қарап жүрмейтіні бар емес пе. Қуғын – сүргін дәурен сүріп тұрған кезде бір адамның үстінен екінші адам ғайбаттаған мәлімет түсірсе, алғашқысы «халық жауы» атанып шыға келген жәйттердің аз болмағаны рас. Осылайша әрі итеріп, бері жығу, астыртын қаралау фактілерін жинап, оларды айыптау тетігіне айналдыру билік басындағылар үшін де, жазалау органдары үшін де қиын шаруа болмаған. 1937 және 1938 жылдардағы аласат науқан осындай негізде жүргізілген. Осы жылдар ішінде аудан бойынша 500 – ге жуық «халық жауы» табылып, түрмеге жабылғаны «Қуғын – сүргін құрбандары» (Ақтөбе, 1997 ж.) атты үш томдық кітапта жазылған. Осындай адамдарды тауып, жазаға тартудың сан мөлшері жөнінде жоғарыдан арнайы тапсырма беріліп отырған. Оларға астыртын үгіт жүргізгені, контрреволюциялық бүлік ұйымдастыру мақсатын көздегені, үкіметке қарсы ұйымға мүше болғаны, тағы сол сияқты қорқынышты айыптар тағылған. Олардың басым бөлігі УНКВД үштігінің шешімімен ату жазасына кесілген немесе ұзақ мерзімге еңбекпен түзету лагерьлеріне айдалған. Байқап отырсақ, көпшілігі қарапайым колхозшы. Сауатты адамдары саусақпен санарлық Табын ауданында қарапайым колхозшыдан басқа кім болуы мүмкін? Бірақ жау іздеген таппай қоймайды, соларды жерден қазса да табу керек болған ғой. Байлар мен орта дәулеттілерді бұл науқанға дейін – ақ тұқымын тұздай құртып алған соң, тапсырманы орындау үшін нақақ жала жабу арқылы бейкүнә жандарды түрмеге тоғытпасқа амалы қалмайды. Тарихи басылымдарда қуғын – сүргін науқаны 1938 жылы тоқталды дейді. Біздіңше оның саябырсығаны ғана. «Жау элементтер» одан кейінгі жылдарда да бой көрсетіп отырған. Осы орайда мынадай фактілерді келтіруге болады: Баршақұм ауылының тұрғыны Қожанияз деген ақсақалдың жалғыз баласы Нұрниязды колхозда бригадир болып еңбек етіп жүргенде «халық жауы» деп ұстап кетеді. Бұл – науқанның қызып тұрған шағы. Соғыс басталғаннан кейінгі қыста ақсақалдың буаз биесін ауылдық кеңестің төрағасы сұрап алып, бір шаруасына бола мініп кетеді. Сапарынан оралғаннан кейін, терлеп келген буаз биені қаңтарып тастап, үйінде шәй ішіп отырады. Ақадал малының тұрысын көрген қарт жатып келіп ашуланбай ма? Мал көрмеген көргенсіз, буаз биені қаңтара ма екен, қайта басын байлап, алдына шөп салмайсың ба? – дегендей, жасы үлкендігіне салынып, ауыр – ауыр сөздер айтады. Бірнеше күннен кейін ауданға белгілі милиционердің бірі келіп, қартты тергеуге алып, айыптау хаттамасын жазады да, Жарқамысқа айдап кетеді. Осындағы түрмеге әкеліп қамайды. «Халық жауының» әкесі болғандықтан, үкіметке қарсы үгіт таратасың, деген айыптаумен Ақтөбенің түрмесіне жөнелтіледі. Жасы сексенге келген ақсақал сол түрмеде өледі.

Тағы бір мысал: ауданымызда асқан шебер етікші, атсейіс, ұста, ең кереметі ғажап күйші Оңғарбаев Бөлтек атты адам өткен. Бұл кісі 1934 жылы Алматыда өткен жер – жердегі ақындар мен жыраулардың, күйшілер мен домбырашылардың республикалық слетіне қатысып көзге түскен. Оның бірнеше төл шығармасы белгілі домбырашы Сәмиғолла Андарбаевтың орындауында Қазақ радиосының қорына өткізілген. Осы кісінің жалғыз баласы 1942 жылы Отан қорғауға аттанады да, майданда қаза болады. Елге «қаралы қағаз» келген соң ауылдастары болған жайды қазақылық жолмен қартқа естіртеді. Осылайша қаралы болып отырған үйге ауылдық кеңестің белсенділері мен комсомолдардан құрылған топ келіп, майдандағы жауынгерлерге тон, қолғап, шұлық, байпақ секілді жылы киімдерден беретін жәрдемдерің бар ма деп сұрамай ма? Сонда қайғыдан қан жұтып, жаны күйіп отырған күйші: «Майдандағылар қырылып та жатыр екен ғой, сол опат болғандардың киімін тірілерге кигізсе болмай ма?» – депті. Бұл сөз ауылдық кеңестің хабарламасы арқылы аудандық ішкі істер бөліміне жетеді де, көп ұзамай Бөлтекті ұстап кетеді. Осы адам сол кеткеннен елге оралмаған. Не жаза қолданылғанын да ешкім білмейді. Бұл деректерді «осындай да уақыттар өткен» деп ауданымызға белгілі көкірегі ояу, өткен – кеткенді көп білетін Қарасаев Төлекбай деген ақсақал айтқан еді және бұлар жөнінде қалдырған деректі әңгімелері де бар. Жалпы сол жылдарда кінарат тағылған адамдардың өзіне ғана емес, оның отбасы мүшелеріне де ешқандай аяушылық болмаған ғой. Халық ақыны Мариям Хакімжанованың күйеуі 1937 жылы НКВД-нің аудандық бөліміне бастық болып тағайындалып, бар болғаны бір айдың ішінде тұтқындалады. Артында бала – шағасымен шулап қалған ақын аудандық партия комитетінің хатшысы Тайлыбаевқа барып, еліне жетуіне жәрдем беруін сұрайды. Хатшы оған жәрдем бермек түгіл балағаттап, қол жұмсайды. Ардагер ақынның бұл жөніндегі естелігін бір басылымнан оқыған едік.

Жоғарыда аталған «Қуғын – сүргін құрбандары» атты кітапта есімдері жазылып, қандай жазалар берілгендігі жөніндегі мәліметтер толық көшіріліп алынып, арнайы бөлім ретінде беріліп отырғандықтан, бұл мәселеге байланысты әңгіме осымен аяқталады.

1938 жылы аудан жөніндегі жалпы сипаттамада алып жатқан территориясы 5699,3 мың гектар делінген. Бұл цифр қазіргі айтылып та, жазылып та жүрген мөлшерге біршама жуықтайды. Аудандағы барлық қожалық 2668 түтіннен тұрады, ал халықтың саны 11 мыңға жетіп, 1935 жылғымен салыстырғанда, 700 – дей адамға өскен. Қожалықтардың ұжымдық шаруашылықтарға бірігуі 96,2 пайыз, демек әлі де колхозға енуден тыс қалдырылған ошақтар болғаны. Ауданда бұл кезде 41 бастауыш, 4 орталау және бір орта мектеп жұмыс жасаған. Осыдан алты жыл бұрын 57 бастауыш мектеп жұмыс жасағаны есімізде болса, мына цифрға қарап, бірқатар елді мекендерде халықтың мүлде азайып кетуіне немесе шағын серіктестіктердің бір – біріне қосылуына байланысты мектеп санының 11 –ге кемігенін көреміз. Бір ескеретін факті Жарқамыста орталау мектеп ашу жөнінде қаулы алынғанын жоғарыда айтқанбыз. Аудан орталығы болғандықтан немесе оқитын бала санының көптігіне байланысты бірден орта мектеп дәрежесін алған болуы керек. Себебі одан бері бір жылдай ғана уақыт өткен. Осы жылы 11 оқу үйі, 1 кітапхана, 1 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік пункт, 1 аурухана, 1 балалар бақшасы халыққа қызмет еткен. Егіс көлемі 10500 гектарға жеткізіліп, егілген дақыл түрінің басым бөлігі тары болған. Тұтастай алғанда мал басы сәуір айының біріндегі есеп бойынша қой – ешкі – 33026, ірі қара – 17220, жылқы – 1165, түйе – 550 басқа жеткен.

Аудан тарихындағы ең бір елеулі оқиға Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің алғашқы сайлауы еді. Бұл сайлау 1937 жылғы 27 наурызда қабылданған Қазақ КСР-і Конституциясына сәйкес 1938 жылғы 24 маусымда өткізіледі. Сайлау сөз жоқ үлкен саяси өрлеу жағдайында өткен. Аудан сайлаушылары күні кешегі батырақ Шоңқалов Төреханды бірауыздан Жоғарғы Кеңестің депутаты етіп сайлайды. Ол осы міндетпен 1947 жылға дейін республика парламентінің мүшесі болып келді.

1938 жылы аудан жөнінде облысқа берілген анықтамаға Табын аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы Мусин деген азамат қол қойған. Бұл – сол жылдың бірінші сәуіріндегі дерек. Ал осы жылғы күзде аудан партия ұйымының басшылығына Манасов Кенжебай келеді. Біреу келеді, біреу кетеді, оған таңданудың реті жоқ. Уақыт солай болды.

1940 жылы ауданның шаруашылық және әлеуметтік – мәдени жағдайы едәуір түзеліп қалады. Бұл аудан аумағындағы халықтың тұтастай колхоздарға бірігіп, партия мен үкімет алға қойған міндеттерді орындауға белсене кіріскен кезі еді. Колхоздастыру саясатын толық аяқтап, «тап жауларын» жойып болған соң, одақтық және республикалық өкімет тарапынан шет аймақтардың өзіне елеулі көмек көрсете бастайды. Халықтың да тұрмыс тіршілігі жақсара түседі. Басқа түскен ауыртпалықтарға қарамастан, 1938 жылы егіннің әр гектары бидайдан – 2,9 центнерден, арпа – 2,7, сұлы – 1,2, тары – 1,8 центнерден өнім береді. 1939 жылы да егіннен осы деңгейде астық жиналады. Ауданда 1940 жылдың бірінші қаңтарында жалпы мал басы 44184 болады. Осы мерзімде 53 тауарлы – сүт фермасы жұмыс жасаса, оларда 5639 бас сиыр бағылады. 53 қой отарында 15833 бас, 31 табында – 854 жылқы, 6 түйе фермасында 165 түлік болады. Ал көктемде 12004 гектар жерге бидай, арпа, тары себіледі, оның ішінде 48 гектарға бақша салынып, 4 гектарға картоп егіледі және 10 гектарға ағаш көшеттері отырғызылады. «Елде болса, ерніңе тиеді» дегендей осылардың бәрі халықтың әл – ауқатын жақсартуға айтарлықтай ықпал жасайды.

Ерекше атап айтатын жағдай сол, соңғы жылдарда ауданға ауыл шаруашылық техникалары да келе бастаған. Бұл ретте Қарауылкелдіде Табын МТС – інің құрылуы үлкен маңызға ие болды. Онда 1941 жылдың басында 16 «ЧТЗ», «ХТЗ», 9 «СТЗ», 15 «Универсал» (бізше – шотаяқ) тракторлары және 8 «Коммунар» комбайны болған. Сонымен бірге ауданға 5 жүк машинасы, 2 жеңіл машина келген. МТС ауданның 23 колхозына техника күшімен көмек көрсетіп отырған. Бір қатар колхоздар суармалы егіспен айналысқан. Ол үшін 16 бөгет салынып, 8 двигатель, 8 шығыр пайдаланылған.

1940 – 41 оқу жылы қарсаңында (дәлірек айтқанда 26 тамыз) ауданда 51 мектеп оқушылар қабылдауға әзір болған. Олардың 40 – ы бастауыш, 10 – ы орталау, біреуі орта. Мектепке тартылатын оқушылардың саны 2 мыңға жуықтайды. Ауданның «Жайылма», «Қызылтаң», «Ақжар», Молотов атындағы, Жамбыл атындағы колхоздарында әзірге мектеп ашылмапты. Есепті кезеңде 25 балалық ясли, 50 балалық екі балабақша жұмыс жасап тұрған. Аудан халқын мәдени қызметпен қамтуда да біраз ілгерілеушілік бар. 30 клуб, 53 қызыл бұрыш, 53 оқу үйі, бір тұрақты кино қондырғы – мәдени қамту саласының елеулі жетістігі болатын. Жарқамыста 53 нүктесі бар радио жүйесі одақта, республикада болып жатқан жаңалықтарды таратып отырған. Сол сияқты сауда желісі де кеңейе түскен. Бір аудандық дүкенді, 3 селолық және бір азық – түлік дүкенін қосқанда, 22 сауда нүктесі жұмыс жасаған. 25 көйкілік аудандық аурухана, 5 көйкілік 4 әйелдер босанатын үй, 7 амбулатория, 7 фельдшерлік пункт халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Халыққа жасалып жатқан қамқорлық көріністері партиялық идеология мен саясаттың әрбір тұрғынның сана – сезіміне тереңдей еніп, өкіметтің халықтық, әсіресе, кедей таптың өкіметі екеніне сенімі кәміл болып қалыптасуына өлшеусіз қызмет жасағанын көп ұзамай – ақ өмірдің өзі дәлелдеп берді.

Осы жылғы 23 – 25 ақпанда Жарқамыста аудандық партия комитетінің бірінші конференциясы өтеді. Бұған дейін үш конференция болып, одан кейін тек пленумдар өтіп отырғанын жоғарыда айтқанбыз. Конференцияда аудандық партия комитетінің құрамына 19 мүше, 5 кандидат сайланады. Ұйымдастыру пленумында 7 коммунистен бюро құрамы және аудандық партия комитетінің хатшысы болып К.Манасов сайланады.

1940 жылдың сәуір айында аудан партия ұйымының құрамында 323 коммунист болса, оның 155 – і мүше, 168 – і кандидат еді. Олар 26 бастауыш ұйымның есебінде тұрды. 23 бастауыш ұйым колхоздарда құрылған. Осы уақытта ауданның жастар ұйымы да сан жағынан да, ұйымдық жағынан да анағұрлым өседі. Мұндағы бастауыш ұйым саны – 78, ал мүше саны 1425 адам. Осы комсомолдардың бәрі кеңестік патриотизм рухында тәрбиеленгенін ерекше атауға тиіспіз.

Бұл жылда мемлекетке 1869 центнер ет, 384 центнер сары май, 175 центнер жүн, 3488 дана тері тапсырылады. Қысқа 1455 жылқы, 372 түйе, 9042 сиыр, 24453 қой – ешкі түсіріледі. Жыл қорытындысында мал басы түйеден 149%, қой – ешкі 105% -ке орындалса, жылқыдан 98,9, сиырдан 96,0 пайыз болады. Қысқа түсетін мал үшін жеткілікті пішен дайындалады, бұл жөніндегі жоспарлы тапсырма 123,3 пайызға орындалады. Колхоздарда 209 мал қорасы салынып, пайдалануға беріледі.

Сөз болып отырған жылдың қазан айының 3-і күні Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы шығып, Табын ауданының атауы бұдан былай Байғанин ауданы деп аталатын болды. Бұл 1938 жылдың мамыр айында аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінің жоғарғы органдар алдына қойған ұсынысының тікелей нәтижесі еді.

Өзінің кезегімен келген 1941 жыл да аудан үшін жақсы басталған. Аудан шаруашылықтары қысты жақсы өткізіп, көктемгі мал төлдету науқанында да ойдағыдай табысқа ие болған. Егілген дәнді дақылдардың шығымы мол өнімді күттіргендей еді. Аудан халқы әдеттегіше осы шаруаларды тыңғылықты атқару жолында еңбекке жұмылып жатты. Дегенмен, елдің үлкен алаңдаушылығын тудырып отырған халықаралық жағдай барған сайын жайсызданып, соғыс қаупі төніп келе жатқан болатын. «Аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей, маусым айының 22-сі күні бұл алапат басталып та кетті. Фашистік Германияның Кеңес Одағына тұтқиылдан басқыншылықпен шабуыл жасауы Отанымыздың барлық ұлттары мен халықтарының ашу – ызасын туғызды. Әркімнің де сүйікті Отанына айналған байтақ елді қорғау – кезек күттірмес міндетке айналды. Партия мен үкімет барлық күшті фашизм басқыншыларына қарсы күреске жұмылдыру жөнінде үндеу тастады және оның тас – талқан болып жеңілетініне халықты сендіре білді.Еліміздің батысында кескілескен шайқастар жүріп жатқанын жан – тәнімен сезіне отырып, аудан халқы жанқиярлық еңбек үлгісін көрсету арқылы өсірілген егіннің өнімін төкпей – шашпай жинап алады. Қысқа түсетін малдарды қажетті жем – шөппен қамтамасыз етеді. Сол жылдың күзінде және 1942 жылдың басында ауданның әскерге жарақты азаматтары қызыл армия қатарына шақырыла бастайды. Әрине, соғыстың аты соғыс, ол – лаулаған өрт, төгілген қан, халықтың басына төнген қасірет. Жалпыға ортақ нәубеттен ешқайда құтыла алмайсың.

Соғыс басталғаннан кейінгі ауданның жай – күйінен есте қалғандарын әңгімелеп беруін сұрағанымызда, соғыс және еңбек ардагері Бөлтеев Көптілеу ағамыз былай деген еді:

-Мен 1940 жылдың жазынан 1942 жылдың қараша айына дейін аудандық партия комитетінде кадрлар есебін жүргізуші және бірінші хатшының көмекшісі болып қызмет жасадым. Бірінші хатшымыз Манасов Кенжебай деген кісі еді. Ол кездегі жалпы жағдайды айтсам, 1941 жыл да, 1942 жыл да аудан үшін өте - мөте қолайлы жылдар болды. Олай дейтін себебім екі жылда да егіннен мол өнім жиналды. Құдайдың қарасқаны шығар, қысқы табиғат та халықты қысқан жоқ. Соның арқасында малды өз төлі есебінен өсіруде айтарлықтай табысқа қол жетті. Мемлекетке астық, мал өнімдерін тапсыру жоспарлары ойдағыдай орындалып отырды. Қашан да ел елдігін жасайды ғой, әйтеуір шаруаларын ақсатқан жоқ. Мұның өзі сол кездегі соғыс жағдайына бейімделудің көрінісі десек, шындықтан алыс кетпейміз. Ал ауданның ер азаматтары майданға топ – тобымен аттанып жатты. Мұндай жағдайда халықтың тыныс – тіршілігінде көңілділіктен гөрі жабырқаулық басым түсетіні белгілі. Өйткені соғыс өрті шарпымаған отбасы кем де кем. Оны біз соғыс біткесін елге оралғаннан кейін өз көзімізбен көрдік қой.

Әскер қатарына шақырылуға тиісті адамдардың бірқатары алыс жайылымдарда мал бағады. Ал ауданнан Темір қаласындағы әскери комиссариаттың шақыру қағазымен аттанып жатқандардың қатары біртіндеп азая бастайды. Жарқамыстағы әскери есеп столында тіркеуде тұрған адамдардың әлі қаншасы бар екенін білгісі келді ме екен, жаз айының аяқ кезінде аудан орталығына Темір әскери комиссариатының комиссары ауданға келеді. Бұл сапарында ол малшыларды да армияға алуға тәртіп береді. Осы жайындағы оқиғаны жақсы білетін, көп жыл ауданда жауапты қызметтер атқарған Тоқмұратов Есім деген азаматтан естіген әңгімесін ұстаз – зейнеткер Медиев Таңбай былайша еске түсіреді: «Комиссар малшыларды армия қатарына алу жөнінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Манасовқа жолығып, талабын айтады. Бірақ Манасов бұған қарсы болады. Ол аудан мемлекетке ет, жүн дайындап, майданға азық – түлікпен жәрдем береді. Егер малшылар армияға алынса, жағдайдың қиын болатынын, сонымен бірге малшыларға бронь (армияға алмау жөнінде) берілетінін алға тартады. Бұған Петрухин көнбейді. Дегенмен хатшы да беріспейді. Осы жерде олар қатты – қатты сөзге келіп, тіпті бір – біріне тапанша да кезенеді. Петрухиннің ерегескені сонша, сол бойда Манасовтың қолына шақыру қағазын жазып береді. Соғыс жағдайында әскери биліктің күші басым. Манасовтың міндетті қызметтен бас тартуына құқы жоқ. Деген- мен ол облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Иночкинге рация арқылы хабарласып, болған жағдайды толық баяндайды. Обком хатшысы Манасовқа армияға алынбайсың, қызметіңді атқара бер, дейді де, Петрухинді рацияға шақыртады. Иночкин оған ешнәрсе айтпайды, тек 48 сағаттың ішінде обкомға, тікелей маған кел депті. Петрухин облыстық партия комитетіне барған бойда Иночкин облыстық әскери комиссариатқа тәртіп беріп, байғұсты армияға аттандырып жіберіпті».

Соғыс уақытының заңы қатал. Оған мойынсұнбау айрықша жазаланатын қылмыс болып табылады. Сондықтан да ешқайда бұлтара алмайсың. Армияға аламын десе алып тынады. Бұл жерде қойшысың ба, қолаңсың ба немесе әкім – қарасың ба бәрі бір. Манасовтың армиядан қалғаны – шаруа жайын ойлағаны және оның обком хатшысы тарапынан қолдау тапқаны. Жалпы, Манасов деген азамат елге сыйсыз болмаған. Жағдайды түсінетін, қара халыққа жаны ашитын, аудандық дәрежедегі мекемелер мен ұйымдар басшылары арасында беделі бар, түсінісіп қызмет жасайтын кісі екен. Оның бір орында төрт жылдан астам қызмет етуі сол уақыттың жағдайымен қарасақ, айтарлықтай ұзақ мерзім. Сонымен үрейге, уайым – қайғыға толы 1942 жыл да сынаптай сырғып, аяқталуға жақындады. Желтоқсан айында аудан партия ұйымының басшылығына Кәрім Ержанов келеді. Жоғарыдағы теке – тірес әсер етті ме, әлде басқа бір себебі болды ма, әйтеуір Манасов басқа жаққа ауысып кетеді.

К.Ержанов ауданға бірінші хатшы болып келуін былайша еске түсіреді: «1942 жылғы желтоқсан. Сталинградта кескілескен шайқас жүріп жатқан кез. Майдан шебі Орал облысының қиыр батыс аудандарына да жақындап қалған еді. Тіпті оларға әуе шабуылы да жасалды. Ақтөбедегі госпитальдарға жаралы жауынгерлер көптеп жөнелтіліп жатты. Түкірсең түкірігің жерге мұз болып түсетін қыс күндерінің бірінде облыстық партия комитетінің хатшысы Елубай Тайбеков шақырып алып: «Паровозға тіркелген қызыл вагонға семьяңды, керек – жарағыңды тие де, Қарауылкелдіге жет», деді. Міндеттің тығыз екенін айтты. Ойыл арқылы Ростов облысынан үш колхоз малымен, жанымен көшіп келе жатыр екен. Соларды Қарауылкелдіде қабылдап, орналастыру керек. Айтқан жерге жеттік те, тез іске кірістік. Шаналарға тиеліп келген қойлар мал болатын емес екен. Адамдарды үйді – үйге, ауыл советтерінің кеңселеріне, мектептерге орналастырып, уақытша паналаттық. Азық – түлік бергіздік…

Ежелден көшпелі өмір сүріп, мал өсірумен шұғылданатын бұл өңірдің халқы Қазан төңкерісінен кейін көптеген дүрбелең кезеңдерді бастан кешірген. Соның ең ауыры кешегі Голошекиннің асыра сілтеуі кезінде болды. Халық Қарақалпақстан, Түрікпенстан жеріне ауған . Соңынан қуғыншылар жіберіліп, көпшілік халық күшпен, зорлықпен кері қайтарылған. Ру басыларының малы байлауға, басы айдауға түскен. Оның артын бүкіл қазақ еліне келген аштық жайлады. Осындай тауқыметті бастан өткеріп, тоз – тоз халықтың басы біріктіріліп, аудан құрылған. Аш, арықтың қарнын тойғызу үшін қауырт шаралар алынған. Колхоздарда мал басы құралып, қолмен шашып, қол орақпен оратын егін салына бастаған. Осылардың нәтижесінде ел біртіндеп есін жиған. Бірақ бұл өмір де ұзаққа бармады. Басталған соғыс елдің берекесін тағы кетірді. Әке – шеше балаларын, әйелдер сүйген жарларын майданға аттандырды. Елдің бар шаруасы әйелдерге, еңкейген қарттар мен буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балаларға қарап қалды. Дегенмен, қарекетсіз отыру жоқ, «бірлік болмай тірлік болмайды». Ел қашан да елдігін жасаған. Майданның да мұқтажын өтеу керек. Осындай жағдайда аудан халқы белді бекем буып, шаруаны ақсатпауға күш салуда екен». («Ленин туы» газеті 8 маусым 1991 жыл).

Бұл кісі қызметке кіріскен шақта, басқаша айтқанда, 1943 жылдың 1 қаңтарында аудандағы төрт түлік малдың басы 59375 бас болған. Осы жылдың 28 – 29 маусым күндері Жарқамыста партия активінің аудандық жиналысы өтеді. Жиналыста жасаған К.Ержановтың баяндамасында көктемгі мал төлдету қорытындысында әр 100 аналық малдан 108 қозыдан, 115 лақтан алынғаны аталып көрсетіліп, жыл басындағымен салыстырғанда, ірі қара 13000 басқа (102%), қой – ешкі 61000 басқа (123%), түйе 672 басқа (104%), жылқы 2400 басқа (100%) орындалғаны аталып көрсетіледі. Міне, қиын кезеңнің өзінде әйелдер, еңкейген қарттар, жасөспірімдер осылайша ерлікке тән еңбек үлгісін көрсеткен. Сонымен бірге аудан еңбекшілері Отан қорғау қорына елеулі үлес қосып отырған. 1941 – 1942 – 1943 жылдарда еңбеккер қауым мемлекеттік заемға, самолет, танк жасауға барлығы 6 миллион сомнан астам қаражат жинап береді. Жауынгерлер үшін 5230 дана жылы киім, жүздеген пар аяқ киім сыйлыққа жібереді. Оған қоса 1289 килограмм жүн, 1070 дана қой терісі, 56 елтірі, 94 түлкі, қарсақ терісі, мыңдаған келі сары май, 292 бас мал жинап береді. Ал колхоздар майданға 192 ат, 6 автомашина жөнелтеді. Демек, аудан халқы «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» ұранына бір кісідей үн қосып, қолдау көрсетеді.

Соғыс кезінде аудан алдында тұрған күрделі бір мәселе жөнінде К.Ержанов былайша әңгімелейді:

-Жүз мыңнан астам малды қыста қолда бағу, оған жетерлік пішен дайындау мүмкін емес еді. Сондықтан да алыстағы Сам жайылысын пайдалану мәселесі шешілді. Осы жауапты істі жүзеге асыруда ауданның партия, совет, шаруашылық органдарының активтері Тілеп Шалабаев, Ақлепес Еркіналин, Қоштанбек Тұрышев, Сағынбай Наурызбаев, Жұбан Айжарықов, Дүйсенбі Нұрмағанбетов, Ілияс Отарбаев, Алпамыс Жарылқағанов және басқалары маған үлкен қолдау мен көмек көрсетті. Олар қысы – жазы малды ауыл еңбеккерлерімен бірге болып, үлкен ұйымдастырушылық міндет атқарды. Осы адамдардан арнайы штаб құрдық. Самда штаб үйі мен қызыл отау жасақталды. Штабтың басшылығымен шағын 40 колхоздың малды ауылы төрт трассамен көшіп жүрді. Күз түсе мал отарлары Үстіртті өрлеп күйек алса, көктемде Жемге жете төл алдық. Қыс бекіген кезде ауылдар Самды іргелей қоныстанып, мал бақты. Арық – тұрық малдар үшін қора салынып, алдын ала пішен дайындалды. Көшіп – қонып жүрген отарларды табиғаттың дүлей күшінен сақтау да оңай емес. Оған қарсы тұрар шараларды да ойластыру қажет болды. Осы мақсатта әрбір колхоз алып жүруге қолайлы ши тоқып, қада ағаштар дайындады, киіз басты. Әрине, еңбек адамдарына жағдай жасауды да, сондай –ақ, оларды майдан жағдайымен хабардар етіп отыруды да естен шығарғанымыз жоқ. Осылайша көп болып қолға алған ісіміз өз жемісін де берді. Соғыс жылдарында малдың өсімі де, өнімділігі де жақсы болды. Сам жайылымын пайдалану дәстүрлі іске айналып, бұл шара соғыстан кейінгі жылдарда да өз жалғасын тапты.

Соғыс жылдарында адамдардың бойын жауға деген өшпенділік, советтік патриотизм биледі дейміз ғой. Солай десек те, адамдарды еңбекке жұмылдырудың қатаң тәртібі болғанын жасырудың реті жоқ. Қарыны тойып, ас ішпеген, иіні бүтін киім кимеген жәйттер бұл уақытта да болған. Соған қарамастан халықтың жанкештілікпен еңбек еткені айдан анық. Ал салғырттық пен босбелбеулік танытқандарды ірі басшылар ғана емес, ауылдың басқарма, советтерін былай қойғанда, ферма меңгерушілері мен бригадирлерінің өздері – ақ бір шыбықпен айдаған ғой. Қарсылық көрсетуге дәрмен бар ма, айдағанына көнесің. Мұндай жағдайлар аудан басшылары тарапынан да орын алғанын бірінші хатшы К.Ержанов та теріске шығармайды. Ашқұрсақ адамдардың егіннен масақ үгітіп алғаны, қырманнан шамалы астық қымқырғаны үшін жауапқа тартылған фактілері болғанын, ондай адамдарға қол ұшын беріп, жауаптан құтқарып жібергенін мысалға келдіреді. Ал Сам жайылысын игеру кезінде аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Жарылқағанов Алпамыстың колхозшыларға көрсеткен қысымы сол уақыт адамдарының есінде сақталған. Ол Самда штаб құрылған соң, Тұрыш ишанның мешітін, қорымдағы бейіттердің тастарын алғызып, кеңсе, мектеп, жатақхана, тағы басқа құрылыстар салғызған. Тіпті ишанның мазарын да бұзғызған. Оны бұзуға дәті бармаған колхозшыларды тапаншамен атамын деп қорқытқан. Осындай қаталдығымен халық есінде қалған бұл кісі жазушы Мәди Айымбетовтің «Құм киесі» атты повесіне Жарылғасов деген кейіпкер бейнесінде енеді.

Мұндай қасиетті орындарды бұзу фактілері бұрын да болған. 1930 – 1931 жылдары Қаражардағы Көкмешіт бұзылып, материалдары Жарқамыста мектеп үйі тұрғызылғанын Б.Жақанов 2002 жылы 11 шілдеде аудандық «Жем – Сағыз» газетіне жазған еді.

1944 жылы 25 – 29 мамыр күндерінде аудан партия ұйымының екінші конференциясы өтеді. Конференцияға 40 делегат шешуші дауыспен, 14 делегат кеңесші дауыспен қатысады. К.Ержановтың есепті баяндамасында осы кезде 23 бастауыш ұйымда 158 мүше, 107 кандидат есепте тұратыны айтылған. Соғысқа дейін 32 бастауыш партия ұйымында 353 коммунист (оның 217 – сі мүше, 136 –сы кандидат) болған. Ал соғыстың алғашқы үш жылында аудан партия ұйымы өз қатарынан 202 мүшесін майданға аттандырған. Сондай – ақ, 734 комсомол мүшесі майдангерлер сапына алынған. Ілгері озыңқырап айтсақ, соғыс кезеңін тұтастай алғанда ауданнан 2,5 мыңдай адам майданға аттанған. Одан жаралысы бар, сауы бар 550-дей адам елге оралған. Бұлардың нақты есебін алу мүмкіндігі жоқ. Өйткені әскери комиссариат Темір қаласында болды, кейінен ол Қандыағашқа көшіріледі. Майдангерлердің есебін жүргізу мәселесі ауданда еске алынбаған. Майданға бір жөнелтудің өзінде 700 адам Қарауылкелді стансасынан қызыл вагонға тиелгенін солардың арасында болған бір ардагердің әңгімелегені есте қалыпты.

Аудандық конференцияда ауданда қоғамдық мал басы 1941 жылғыдан екі еседей өскендігі сөз болады. 1944 жылы әр жүз саулықтан 118 қозы алынған. Мал басы барлық түліктер бойынша асыра орындалып, 73375 -ке жеткен. Мұндай табыс еңбеккерлердің басым көпшілігін құрайтын әйел адамдардың қажырлы күресі арқылы келген. Атпал азаматтарын майданға аттандырған әйелдер ерлердің орнын жоқтатпай, аса күрделі міндеттерді шешіп отырған, сонымен бірге майданның мұқтажын да қамтамасыз ете білген. «Социалистік ауыл» газетінің 1944 жылғы 21 қаңтардағы санында келтірілген бір дерек: ауданда 15 тракторшы - әйел, 44 ферма меңгерушісі, 4 ауылдық кеңестің төрағасы және бірнеше басқарма төрағасы болған. Олардың арасынан Балманова Әліп, Мұңалбаева Теңгежан, Былшықова Бибатпа, Жұмағалиева Ақтөре, Есенбаева Сәнше, Сатқанғалиева Өзипа, Алпысбаева Жәншім, Әбдешова Нағима, Ешпанова Олжа, Кәрменова Балқымбат, Битурлина Жақсы, Бестасарова Жаңыл және тағы басқа партия, кеңес қызметкерлері, шаруашылық басшылары өсіп шықты. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу саласында Қонарбаева Аққияш, Ізбағанбетова Дәметкен, Қаражанова Ынташ, Абдулина Бибі, Ұлықпанова Қадиша, Мырзағұлова Іңкаш сынды ұстаздар белсене еңбек етті. Аудан мектептерінде мұғалім кадрларының жетіспеуіне байланысты сол жылы аудандық оқу бөлімі жанынан 6 айлық курс ашылып, онда оқығандар стипендиямен қамтамасыз етілген.

Сонымен барша халықты Ұлы Жеңісімен қуантқан 1945 жыл да келді. Шегінген жауды өкшелей қуа отырып, Қызыл Армия оны өзінің бас ұясы – Берлинде талқандап, тізе бүктірді. Елдің қуанышында шек жоқ. Бұрын 7 қарашаны ұлы мейрам атап келген халық енді Жеңіс мерекесін шат – шадыман жағдайда тойлайтын болды. Елге жеңімпаз майдангерлер орала бастайды. Олардың омыраулары орден мен медальға толы. Совет Одағының Батыры атағын алған Қожабай Жазықов, «Даңқ» орденінің толық иегері атанған Сәрсенғали Ешбаев, бұл орденді екі реттен алған Ұлқабай Бердібаев, Нұржігіт Әбішев және басқалар елге оралғанда, ауылдастарының оларға деген мақтанышы мен сүйіспеншілігін айтып жеткізу қиын. Әрине, балалары, күйеулері майданда қаза болғандардың қайғысын қалай ұмытасың. Бірақ көппен көрген – ұлы той. Олар да тағдырдың басқа салғанына амалсыздан көніп, ел қатарлы тіршілік етіп жатты. Майдангерлердің елге оралуымен бірге жас өскіндер де азамат болып, колхоз өндірісінің жұмысшы қолы едәуір көбейіп қалады. Мұның өзі колхоздардың экономикалық жағдайын бұрынғыдан да жақсарта түсуге ықпал етеді. Оның нәтижесін 1945 – 1947 жылдардағы табыстардан айқын көреміз. Атап айтқанда, 1947 жылдың тамызында аудан бойынша 16258 ірі қара, 90968 қой – ешкі, 2869 жылқы, 872 түйе өсіріліп отырды.

Осындай өрлеу жағдайында 1947 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші шақырылған сайлауы өтеді. Бұл сайлауда өзіміздің жерлесіміз, «Қызылту» колхозы қой фермасының меңгерушісі Сатқанғалиева Өзипа депутат болып сайланады. Қарапайым қазақ әйелінің республиканың жоғарғы өкіметінің мүшесі болуы аудан үшін зор бедел болғаны даусыз.

К.Ержановтың естелігінен: «Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуына байланысты 1945 жылғы Қазан мерекесі қарсаңында награда жөнінде Указ шықты. Соған сәйкес озат шопан, бақташыларға, аудан басшыларына жоғары наградалар тапсырылды. Мен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы есебінде республикада бірінші болып Ленин орденімен наградталдым және медаль алдым. Соғыстан кейінгі бір жылдың көрсеткіші өте жоғары болды. Аудан бойынша әр 100 аналықтан 122 – ден қозы, 100 құлын, 90 бұзау алынды. Осы табысы үшін ауданның оннан астам шопаны, екі жылқышысы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Мен екінші рет Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталдым».

Хатшы тылдағы еңбек адамдарын 1945 және 1946 жылдары наградтаулар болғанын айтып отырса керек. Біздіңше бұл кісінің естелігінде бірқатар жаңсақтық бары байқалады. Әсіресе, Социалистік Еңбек Ері атағын беру туралы мәселеде. Нақты деректер бойынша ауданның 18 малшысы мен жылқышысына бұл жоғары атақ ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 23 шілдедегі Указымен берілген. Ал Түркин Ораз Социалистік Еңбек Ері атағын 1949 жылы 7 қазандағы Указ бойынша алады. Бір айта кетерлік жағдай К.Ержанов 1947 ылдың соңғы жағында басқа қызметке ауысып, ауданнан кетеді. Дегенмен, бұл азамат ауданның аса жоғары көрсеткішке жетіп жүрген еңбек майталмандарын үкімет наградаларына ұсынып кеткен деп айта аламыз. Өйткені наградаларда атап көрсетілген мәліметтер 1947 жылғы төл алу қорытындысымен сәйкес келеді. 1946 және 1950 жылдар аралығында жоғарыдағылардан басқа бірнеше шопан Ленин орденімен наградталады. Олардың арасынан бізге белгілілері - Әлішев Сәрсен, Құрманғазин Өтеулі, Әбілғазин Нұрберген, Ұзақбаев Құрман. Ал өзге ордендерге ие болғандардың қатары көп болуы мүмкін, бірақ ондай адамдар жөнінде қолымызда дерек жоқтығын айтуға тура келеді. Соғыс аяқталғаннан кейін 1950 жылға дейін ауданның 650 адамына «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Ерлік еңбегі үшін» медалі берілген. Осы награданы алғандардың қай – қайсысы да ерен еңбектің иесі болғаны күмәнсіз. Бұл награданың құндылығы сонда – жасы ұлғайып, зейнет демалысына шыққан кезде оның иесіне бірқатар жеңілдіктер берілгенін тиісті заң актілері айғақтайды.

Соғыс жылдарында аудан басшылығы тарапынан суармалы егіс салуға жете мән беріледі. Бұл шара егілген дәннен сенімді түрде мол өнім алып отыруға қол жеткізген. Мәселен, Доңызтау көлдетіп суару жүйесін жасап, ақ бидай еккен Матвей Иванов деген орыс адамы өсірген астық бүкіл аудан жұртшылығына азық болғаны аян. Ауыл қазақтары Мәтжан атап кеткен азаматтың есімін аға ұрпақ ұдайы жадында сақтап, оның ісін аңызға бергісіз етіп айтып отырады. Сондай – ақ, суармалы тары өсірумен шұғылданған Жексенбаев Қызыл деген кісі де ел алғысына бөленген диқандардың бірі болған.

1947 жылғы 22 – 28 қазанда аудан партия ұйымының ІІІ конференциясы болады. Мұнда аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Әйтімов Ғайса сайланады. Ал 1949 жылы 8 – 10 қаңтарда ІV конференция өтеді. Одан әрі қарай аудан партия ұйымының конференциялары жыл сайын өтіп отырған. Конференциялардың есебінде партия ұйымындағы коммунистердің саны, қоғамдық малдың саны, жалпы аудан өмірінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағынан өсу - өркендеу фактілері келтіріледі. Мұндай жағдайлар жылма – жыл бір сарында қайталап берілетін болғандықтан, оларға көп тоқталу бәлендей маңызды емес. Олар аудандағы мәдениет, білім беру, сауда, байланыс салаларының дамуы туралы арнайы сөз болатын шағын – шағын шолуларда әңгімеленеді.

Бұл жылдардағы негізгі өзгеріс көбіне аудан басшылығында болып отырған. Аудан партия ұйымын 1950 – 1953 жылдары Дүйісов Жұмабек басқарады. Ол 1951 жылы үшінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болады. 1953 жылы аудан партия ұйымына Бөлтеев Көптілеу басшылық етеді (6 ай). 1954 – 1960 жылдары Абатов Нұрдаубай аудан партия ұйымының бірінші хатшысы болып қызмет жасайды. Одан кейінгі бірінші хатшылар - Әкімжанов Алтынбек, Жаңбыршин Есім. Аудандық кеңес атқару комитетінде де біраз алмасулар болып отырған. Отызыншы жылдардың екінші жартысынан бері қарай, Қойбағаров, Есенеев Біралы, Естібаев Ақпағанбет, Малайдаров Есіркеп қызмет атқарған. Ал 1954 – 1959 жылдары Құрманғалиев Алдияр аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болады. Бұлардың соң аудандық кеңес атқару комитетін Е.Жаңбыршин, Ж.Айжарықов басқарады.

1950 жылдың бір ерекшелігі – осы кезге дейін өмір сүріп келген колхоздар ірілендіріліп, іргелі 13 колхоз құрылады. Мұның өзі шағын ұжымдардың күш – мүмкіндігін біріктіру арқылы колхоздардың материалдық базасын нығайтуға қолайлы әсер етті. Дегенмен, өкінішті жағдай да болмай қалған жоқ. Ауданның «Амангелді» және «Теректі» колхоздары бүкіл халқымен, мал – мүлкімен Қарабұтақ ауданына көшірілді. Сондай – ақ Эмба қаласында әскери бөлім орналасып, Мұғалжар ауданынан басталып, Байғанин ауданының солтүстігінен оңтүстігіне қарай қарай Шалқар ауданымен екі аралықтағы кең аймақты әскерилер иеленіп алды. Бұған Қызылбұлақ, Жарқамыс, Жаңажол ауылдық округтеріне (қазіргі атаулары) қарасты жерлер еніп кетті. «Әскери зона» деп аталатын бұл территорияға адамдар да, бейсеубет мал да ене алмайтын болып қалды. Ал осы зона кезінде жойқын қарулардың сынақ алаңы болғаны кейінгі уақытта анықталып отыр. Аудан халқының білетіні – 1987 жылы қазан айының басында Жарқамыс ауылдық округі территориясында жасалған жер асты атом жарылысы ғана.

1954 жыл – тың және тыңайған жерлерді игеру шабуылы басталған жыл. Мұның басты объектісі Қазақстанның тусырап жатқан кең даласы болғаны белгілі. Табиғи жаратылысында жаппай жыртып, егін салуға қолайлы болмағанымен бұл науқаннан Байғанин ауданының даласы да құр қала алмады. Бұл жерге де тың игеруші атанған әр ұлттың өкілдері ошарыла келіп, екі МТС құрып тастады. Көптеген тракторлар, автомашиналар, ауыл шаруашылық құралдары, басқа да жабдықтар жеткізіліп жатты. Шынжыр табанды тракторлар бес түренді соқаларды тіркеп алып, осы қалай құнарлы жерлердің бәрінің астын үстіне шығарды. Тың көтерудің алғашқы жылдарында бұл шаруа өзінің біршама тиімділігін де көрсетті. Шаруашылық жұмыстарының дені техника күшімен атқарылатын болды. Халықтың астыққа деген сұранысы қанағаттандырылды. Тұрғын үйлер, мәдениет орындары салына бастады. Жастардың техника тетігін меңгеруге деген құлшынысы күшейді. Олар трактористер дайындайтын курстарда, кәсіптік – техникалық училищелерде оқып, мамандық алып шығып жатты. Сөйтіп аудан жастары бөтен республикалардан келген тың игерушілермен бірге ұлы дүбірге қосылып кетті. Бұл жылдарда мектеп бітірген қыз балалар да механизаторлық мамандық алуға құлшыныс танытты. Әсіресе, Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы орта мектептің түлектері Тарғынова Күләш, Таласбаева Зәру, Қайырова Ақпатша, Сыдықова Зәуреш, Әділова Балдырған, Таушанбаева Айша, Белеуова Нібина сынды қыздардың бастамасы аудан көлемінде айтақаларлықтай жаңалық болды. Бұлар бірнеше жыл қатарынан тікелей өндірісте еңбек етіп, зор абыройға бөленді. Тың көтеру жылдарында еңбек майданында үздік көрсеткіштерге жеткен механизаторлар үкіметтің жоғары наградаларына ие болды. Бұл ретте Ленин орденін омырауына таққан Қарабаев Әбіш, Нұрғалиев Табылған, Тарғынова Күләш, Пузыревская Долина сынды саңлақтарды атауға болады. Ал сол кездегі озат механизаторлардың көпшілігі «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалінің иегері атанды.

Дегенмен, бес – алты жылдың ішінде тың игеруге байланысты ұран бәсеңсіп, ол енді жергілікті елдің қалыпты ісіне айналды. Әп дегенде едәуір өнім берген жердің құнары азайып, түсімі кеміді. Соған сәйкес ауданда егістік көлемі біртіндеп қысқара берді. Кезінде партия мен үкіметтің мол жарылқауын малданып, түйдектеле келген ұлты басқа келімсектер табыс көзі азая бастағанда, өз отандарына тайып бұрды. Сөйтіп бүкіл техникалық құрал – жабдық жер иесі – жерлестеріміздің қолында қалды.

Тың көтеру ұранымен СОКП Орталық Комитеті мен Кеңес Үкіметі жалпылама халық түсіне қоймайтын көлеңкелі бір саясатын жүзеге асырып тынды. Ол – қазақстанға халықты Ресейден, Украина мен Белоруссиядан, Молдавиядан көшіріп әкеліп қазақ жеріне тоғытуы еді. Бұл жымысқы әрекетінің жүзеге асқаны жөнінде Никита Хрущевтің мақтанышпен былай дегені бар еді: «патша үкіметі екі ғасыр бойы халықпен толтыра алмаған Қазақстанның бос жатқан жерін мен он жылға жетпейтін уақыт ішінде қоныстандырып болдым». Басқасын айтпай – ақ қазақ халқының өз жерінде азшылыққа айналуының бір себебі осы тың көтерудің әсерінен болғаны қазір айтылып та, жазылып та жүр. Бұған қоса орталық үкімет Қазақстанға өлкелік басқару құрылымын енгізіп, үй үстінен үй тіккендей тағы бір әрекетке басты. Ол аз болғандай селолық аудандарды бір – біріне қосты, территориялық - өндірістік басқарма дегенді шығарды. Бұл құрылымдар экономикаға ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайына да кері әсерін тигізді. Алпысыншы жылдардың бас кезінде азық – түлік тапшылығының орын алуы осындай да себептерден болуы мүмкін. Жетіспестік жағдай әсіресе қалаларда едәуір дәрежеде сезілген еді.

Темір территориялық - өндірістік басқармасының құрамына қосылған ауданның ең алдымен шаруа жағдайына айтарлықтай нұқсан келді. Бұрын аудан орталығы, салыстырмалы түрде айтқанда, алты миллион гектар жерді алып жатқан өңірдің қақ ортасында тұрғанның өзінде шалғай елді мекендердің жай – күйін біліп отырудың өзі оңай емес еді. Мынадай өзгерістен кейін бұл іс тіпті қиындай түсті. Шаруашылықтарды керек – жарақпен жабдықтау мәселесі кешігіп шешілетін немесе аяқсыз қалатын. Ал жекелеген ауылдың, қарапайым еңбек адамдарының әлеуметтік проблемалары тағы бар. Оларды орындауға жергілікті билік орындарының пәрмені жетпей жатады. Мұндай жағдайда құзырлы әкімшілік орнына ат сабылтуға тура келеді. Бас – аяғы үш жылдай уақытта Жем – Сағыз өресінің халқы осындай әбігерге түскен еді. Қалыптасқан қиын жағдай 1965 жылғы қаңтар айында оңынан оралып, аудан қайтадан өз шаңырағын көтерді.

Дегенмен, бұл кезге дейін коллективтік шаруашылықтарды кеңестік шаруашылықтарға (совхоздар) айналдыру үрдісі басталып та кеткен еді. 1963 жылы 5 қаңтарда 9 колхоздың есебінен 4 совхоз құрылады. «Қазақстан» және «Көкбұлақ» колхоздарынан «Қарауылкелді» совхозы бой көтерсе, Жданов атындағы және «Қызыләскер» колхоздары «Байғанин» совхозына қарайды. «Ақжар», Калинин атындағы және Крупская атындағы колхоздардың есебінен «Ақжар» совхозы құрылады. «Жем» және «Бұлақтыкөл» колхоздары Абай атындағы совхоз атанады. Кейінерек «Оймауыт», «Алтай», Крупская атындағы, «Матайқұм» совхоздары құрылды. Ал «Сағыз» совхозы елуінші жылдардың орта шенінен бері қарай қаракөл қой совхозы болып Байғанин ауданының құрамында өмір сүріп келе жатқан болатын. Сонымен бас – аяғы бірнеше жылдың ішінде аудандағы 13 колхоз түгелдей совхозға айналып болды.

1965 жылдың қаңтар айының 12 – сі күні Қарауылкелді селосында аудандық партия конференциясы өтеді. Онда негізінен ұйымдық мәселе қаралып, аудандық партия комитетінің құрамы сайланып, аудандық комитеттің бірінші хатшысы болып Сматолла Молдашұлы Беркімбаев сайланады.

Қарауылкелді бұл кезде жұпынылау ғана ауыл еді. Үш шақырымдай жерде теміржол станциясы орналасқан. Ал тұрғын халықтың мекен – жайлары Қарауылкелді сайының терістік бетін ала қуалай салынған. Теміржолдың батыс бетінде де шамалы үйлер болған. Селода 1954 – 1955 оқу жылында ашылған орта мектеп, шағын клуб, жергілікті басқару орындарының кеңселері, 1960 жылы ашылған кәсіптік – техникалық білім беру училищесі бар еді. Жаңа құрылған аудан үшін Қарауылкелдіде жетпес жайлар көп болатын. Тіпті ауданның басшы органдары орналасатын кеңсеге жарамды ғимарат та жоқ еді. Ал қызмет бабымен келіп жатқан адамдар отбасымен орналасатын үйлер болмағаны өз алдына. Дегенмен көш жүре түзелетіні белгілі. Аудан басшылығы кездескен қиындықтарға қарамастан, партия мен үкімет алға қойған міндеттерді орындауға белсене кіріскенін айтуға тиіспіз. Аудан партия ұйымына 17 жыл 5 ай басшылық еткен С.М.Беркімбаев «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» атты естелік кітабында (Ақтөбе, 2002 ж.): «Аудан орталығы – Қарауылкелдіде кеңсе ғимараттарын, қызметкерлерге тұрғын үйлер салу мәселесі күн тәртібіне қойылып, облыстық партия комитетіне арнайы баяндау хатпен ұсыныс берілді. Жаз айларында құрылыс салу кеңінен өрістетілді», - деп жазады. Сонымен бірге бұл мәселенің облыс басшылығының ұдайы назарында болғанын айтады.

1985 жылы Байғанин аудандық газетінің шыға бастағанына 50 жыл толуына орай арнайы мерекелік номер шығарылған болатын. Сол номерде Шалқар ауданының бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген С.Беркімбаевтың да шағын естелігі жарияланған еді. Онда мыналар атап көрсетілген: «Аудан еңбекшілерінің ұйымшылдығы, еселі еңбегі, саналы іс – қимылы 1965 – 1982 жылдар аралығында ауданның Бүкілодақтық социалистік жарыс қорытындысымен төрт мәрте одақтық, үш мәрте республикалық жарыстар жеңімпазы атануына қол жеткізді. Ауданның «Оймауыт» совхозы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудағы үздік көрсеткіштері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Ал Байғанин ауданы тоғызыншы және оныншы бесжылдықтардың қорытындыларымен «Алтын құрмет» кітабына жазылды».

Бұл жылдарда аудан жастарының да инициативасы жоғары болды. Олардың басым бөлігі механизаторлық мамандық алуға құлшыныс білдірсе, бірқатары мал шаруашылығына өз еріктерімен аттанып жатты. Осындай бір бастама 1974 жылы Шұбартаулық жастардың үндеуіне сай көтерілді. Сол жылы мектеп бітірген 150 – ден астам жас жігіттер мен қыздар комсомол жастар бригадасын құрып, қой бағуды қолға алды. Олар совхоздардың 50 мыңдай қойын бағып – күтіп, аудан экономикасына елеулі үлес қосты. Мұндай бригадалар бірнеше жыл бойы өнімді еңбек етті.

Ауданда қоғамдық мал шаруашылығын өркендету және оның өнімділігін арттыру жолындағы мақсаткерлік күрес нәтижесін осы баяндаумен – ақ шектеген жөн сияқты. Ал оған қосарымыз: осы жиырма жылға жуық уақыт ішінде еңбек майданында жоғары көрсеткіштерге жеткен саңлақтардың алған наградаларын сан есебімен атап өткен артық болмас. 1966 жылы «Сағыз» совхозының аға шопаны Қылыш Төлепов Социалистік Еңбек Ері атанса, 10 адам Ленин орденімен наградталады. Одан әрі 9 «Октябрь революциясы ордені», 54 «Еңбек Қызыл Ту ордені», 1 «Халықтар достығы» ордені, 82 «Құрмет белгісі» ордені, 30 үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені тапсырылады. Сондай – ақ, еңбек озаттары 65 «Еңбектегі Ерлігі үшін», 74 «Еңбекте үздік шыққаны үшін», В.И.Лениннің жүз жылдығына орай 548 «Еңбектегі ерлігі үшін», 86 «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысынағы Жеңістің 30 жыл», 525 «Еңбек ардагері» медальдарын алады. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің 8 алтын, 19 күміс, 80 қола медальдары да адамдарымыздың ерен еңбегінің бағасы еді. Осы жылдарда 24 адам Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, ал 23 адам Грамотасымен наградталды. Екі кісі «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген зоотехник», екі адам «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мал дәрігері», 6 адам «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген ауыл шаруашылық қызметкері» құрметті атағына ие болады. Үш адамға Қазақ КСР-інің Құрмет Алтын кітабына енгізілгені жөнінде диплом тапсырылады.

Осы марапаттардың қай – қайсысы да аудан халқының ерлік еңбегінің айғағы екені даусыз. Ауданның негізгі өндірісі мал шаруашылығы болғандықтан, қолда бар күш – мүмкіндіктің бәрі бұл саланың тиімділігін арттыруға жұмсалатыны белгілі. Соған сәйкес мал басы да, оның өкімділігі де ұдайы өсіп отырды. Дегенмен, әр жылдың өзі үлкен бір белес, биік меже болып табылатын. Сол белестерді аудан жұртшылығы абыроймен өткере отырып сексенінші жылдарға да сенімді қадам жасайды. Бұны айтып отырған себебіміз ауданда мал басының ең көп болған кезі сексенінші жылдардың алғашқы үш жылымен сәйкес келеді екен. Мәселен, 1982 жылы ірі қара 10374 бас болса, 1983 жылы 12040 басқа жетеді. Ал қой - ешкі 1982 – де 373762 болса, 1983 –те 377764 бас болады. Жылқы – 15,5 мыңға, түйе 2,5 мыңға жетеді. Бұл кезеңде төл алу көрсеткіші де жоғарылай түскен. Мемлекетке 87078 центнер ет, 4788 центнер сүт, 8997 центнер жүн өткізілген. Өнімдер 1982 жылдың көрсеткіштері. Бір айта кететін жағдай бұдан былай қарай өсім де, өнім де бәлендей жоғарыламаған. Ал тоқсаныншы жылдардың жәй – күйі баршаға белгілі.

Бұл жазбалар ауданның құрылғанынан бері қарайғы өткелекті өмір жолын әңгімелейді. Егер кімде – кім бұл өңірдің тарихы осы – ақ екен ғой, десе қатты қателеседі. Жем – Сағыздың байтақ өңірінің тарихы тіпті әріде жатса керек. Оған бойлай түсуге шама да жетпейді, мүмкіндік те мол емес. Біздің білетініміз аудан өмірін бүкіл қазақ елінің, қала берді облыс өңірінің өмірінен бөле – жара қарауға болмайды. 60 мың шаршы шақырым жерді иемденіп отырған аудан арқа мен ойды байланыстырып жатқан, терістігінен түстігіне дейін бес жүз шақырымға созылатын кең өлкеде қазақ халқының тарихына енген талай – талай оқиғалар өткенін ешкім де теріске шығара алмайды. Соңғы жылдары Қазақстанның қай түкпірін алсаң да, қалмақтармен, жоңғарлармен соғысқан батырларды әр руға, тайпаға меншіктеп алу үрдісі белең алғаны рас. Олардың қай – қайсысы да өзінің шыққан тегінің ғана емес, бүкіл қазақ халқының мүддесі үшін, ата – бабадан қалған ең қасиетті мұра – қазақ жерінің бір пұшпағын да жатқа жібермес үшін басын бәйгеге тіккен ғой. Қазақ жерінің төрт құбыласында да жасанған жау аз болмаған. Ел шетіне баса – көктеп кірген жауға ешқашан қолынан найзасы түспеген Кіші Жүздің батырлары бастаған жасақтар да өлтіре тойтарыс беріп, қазақ елінің азаттығы жолындағы күреске өлшеусіз үлес қосқан. Осы жолдағы қанды шайқастардың талайы Жем – Сағыз өресінде де болған. Оны осы қос өзеннің бойындағы ескі қорымдардан –ақ білуге болады. Оларды аралап көрген кісі ескі құлпы тастардан, мазарлардан қылыш пен найза, садақ суреттері бедерленген ескерткіштерді байқар еді. Ал «Қарасақал», «Дәуімшар», және басқа қорымдарда елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында шейт болғандар жатқаны күмансыз. Сондықтан да әлім Бақтыбай, Сәңкібай, Алтай батырларды, Тама Есет, табын Бөкенбай, Барақ, Асау, адай Балуанияз, Қармыс, ожырай Жанбай Қаратау сынды батырлар бүкіл қазаққа ортақ батырлар десек, олар біздер үшін де қастерлі есімдер болып табылады. Қарауылкелді, Тоқсанбай, Ақбота, Бірсағыр, Қоссағыр, Қарасай, Хантөрткіл, тағы басқа атаулар сол жаугершілік замандардан қалғаны сөзсіз. Берігеректе бұл өңірді Сырым батырдың, Исатай мен Махамбет батырлардың тұлпарларының тұяғы дүбірлеткенін де айта кеткеніміз жөн. Әйтпесе, Махамбет: Біз неткен ер, неткен ер ? – Сергелдеңмен өткен ер. Ойыл менен Дендерден, Сағыз бенен Жемдерден Одан да талып өткен ер. – деп айтпас еді.

Халық – жер иесі, сол жердің тарихын түзетін де халық. Ауданның сексен жылдық өмірі сайрап жатқан сара жол емес. Бұралаңы да, бұлтағы да мол бел – белестерден тұрады. Оның әрбір он жылы бір асу еді. Мәселен, отызыншы жылдар адам айтса нанғысыз дүрбелеңмен өтсе, қырықыншы жылдар сұрапыл соғыс пен оның зардаптарын жою жолындағы күреспен өтті. Ал елуінші жылдар тың көтеру ұранымен әйгіленеді. Алпысыншы жылдар ауданды бір таратып, қайта құрумен тарих еншісіне кетті. Бір – біріне ұқсас, қалыпты тіршілік жағдайында өтті деуге болатыны жетпісінші, сексенінші жылдар ғана. Тоқсаныншы жылдарда ауыртпалық батпандап кіріп, мысқалдап шыға бастағанының куәсіміз. Жиырма бірінші ғасыр басталғаннан бергі жылдар ішінде ауданның экономикалық және әлеуметтік өмірінде елеулі өзгерістер болды. Өткен он жылдықтағы ауыртпалықтарды артқа тастап, аудан тұрғындары нарық заңдылықтарына бейімделе өмір сүруде. Осы орайда мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты да атап айтқан орынды. Бүгінгі таңда Отан соғысының ардагерлері мен зейнеткерлер, көп балалы отбасылары, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері зейнетақылары, жәрдемақылары және айлық еңбекақылары үшін еш алаңдамайтын болды. Олардың мөлшері жыл өткен сайын көтеріле түсуде.

Қазір ауданның елді мекендері электр энергиясымен, телефон және теледидар байланысымен тұрақты қамтылып отыр. Аудан орталығының, Оймауыт және Ноғайты елді мекендері тұрғындарының ауыз су жөніндегі мүдделері қанағаттандырылды. Бұл істерге мемлекеттің жүздеге миллион теңге бюджеттік қаржысы жұмсалды. Мектептердің көпшілігі интернет жүйесіне қосылып, шәкірттер әлем жаңалықтарымен танысатын болды. Кезінде жабылып қалған мәдениет, медицина орындары қайтадан қалпына келтірілді, балабақшалар біртіндеп ашылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда аудан халқы ертеңгі күндеріне алаңдамай тұрмыс кешуде. Әр он жылдың өзіне тән өрендері бар. Олар ауданның ірге тасы қаланғаннан бастап, қай салада да жанқиярлықпен еңбек етіп, елдің етек – жеңінің бүтінделуіне, экономикалық жағдайының нығаюына, мәдениет пен білім беру ісінің жетілуіне өлшеусіз үлес қосты. Шығарылып отырған кітаптың басты мақсаты сол адамдардың қоғамға сіңірген еңбегін паш етіп, есімдерін бүгінгі және келер ұрпақтың жадында қалдыру болып табылады.

АУДАННЫҢ ТАБИҒАТЫ

Байғанин ауданы Ақтөбе облысының оңтүстік батысындағы әкімшілік – территориялық аумақ. Территориясы 61,04 мың шаршы километр, халқы 24652 адам (1999ж. халық санағы бойынша) Орталығы – Қарауылкеді ауылы. Байғанин ауданының территориясы солтүстігінде Темір, солтүстік шығысында Мұғалжар, шығысында Шалқар аудандарымен (Ақтөбе облысы), солтүстік батысында Ақтөбе облысының Ойыл, Атырау облысының Қызылқоға, Жылой аудандарымен, оңтүстікігінде Маңғыстау облысының Бейнеу ауданымен, Қарақалпақстанмен шекараласады. Ауданның қазіргі территориясының үлкендігі сонша, бұған Армения Республикасының екеуі сиып кетеді. Аудан облыс территориясының бестен бірін, яғни 20,3 процентін, ал республика территориясының 2,19 процентін алып жатыр. Ауданның негізгі территориясы шөлейт (солтүстігі) және шөл зоналарында (оңтүстігі) орналасқан. Батысында Каспий маңы ойпатымен, оңтүстігінде Үстіртпен ұласады.

Ауданның солтүстігі оңтүстігімен салыстырғанда биіктеу болып келеді, мұнда адырлар жиі ұшырасады. Қарауылкелдінің батысындағы шоқының биіктігі 276 м. (биіктіктер теңіз деңгейі есебінен алынды), Аша елді мекенінен шығысқа қарай 12 км шамасында 299 метрлік биіктік сияқты шоқылар ауданның солтүстігі мен солтүстік шығысында жиі ұшырасқанмен олардың абсолютті биіктігі көзге оғаш біліне қоймайды, себебі жалпы жер бедерінің өзі едәуір көтеріңкі болып келеді. Ауданның оңтүстік шығысында аласа тау жоталары, адырлы қырқалар кездеседі, бұл төңірекке Шағырай жонының сілемдері кіріп жатыр (батыс бөлігі), оның батыс беткейінде Құтымның шоқысы (250 м), Зымыстан (206 м) шоқысы оқшаулау тұр. Ауданның оңтүстік бөлігінде шығыстан батысқа қарай Доңызтау таулары созылып жатыр, мұндағы шоқылардың биіктігі 209 метрден аспайды, алайда Каспий маңы жазығының шығыс бөлігіне кіретін бұл аймақта Доңызтау қыраттары әжептәуір биік болып көрінеді. Жем өзенінің оңтүстік шығыс жақ өңіріндегі аласалау, адырлы қырқалар арасында бос тақырлар мен ойдым – ойдым құмайтты шағылдар бар. Бұл төңіректе Қантөрткүл (262м), Әлитау (354 м) шоқылары мен Шерғала жоны араларындағы жазықтар едәуір ауқымды алқапты алып жатыр.

Топырақ зоналары бойынша аудан үш аймаққа бөлінеді. Солтүстік аймақ, яғни Қарауылкелді, ішінара Ащы, Көлтабан селолық округтерінің жері ашық - қоңыр топырақты зонаға жатады. Орталық аймақ, яғни құба топырақты шағын зонаға Жем өзенінің екі жақ беткейін алып жатқан территория кіреді. Доңызтаудың оңтүстік жағындағы алқап оңтүстік аймаққа, немесе сұр – құба топырақты шағын зонаға кіреді. Ауданның климаты шұғыл континенталды, құрғақ болып келеді, қысы суық, жазы ыстық. Қаңтар айының орташа температурасы – 16,5 оС, шілде айының орташа температурасы +22 оС.

Аудан жеріндегі өсімдіктер дүниесі түр – тұқымы бойынша әр түрлі. Тамырлы өсімдіктің 90 ға жуық тұқымының 1000 – нан астам түрлері шығады. Ауданның солтүстігі мен солтүстік шығыс бейкейінде аз да болса ақ селеулі боз, сондай – ақ жусан, эфемер шөптері өседі. Жем өзенінің оңтүстік жағы, Сам, Матайға дейінгі аймақ жыл бойы мал жайылымы үшін қолайлы, азықтық сапасы құнарлы шөптерге бай. Мұнда изен мен жусанның бірнеше түрлері, бұйырғын, көкпек, теріскен, күйреуік сияқты қара оттық шөптер шығады, олар қатаң жерге өскендіктен біраз уақыт құнарлылығын жоймайды, күзгі жауын сілтісін шайғаннан кейін малға азық болады. Жазғытұрым жердің ылғалы мен түскен жауын – шашынның мөлшеріне байланысты малға жұғымды шөптер өседі. Олар: беде, мортық, қаз оты, сорышуда, ебелек, еркек, қияқбоз, шытыр. Бұлар құмақ шағылды жерде өседі.

Сонымен бірге алабұта, жантақ, баялыш, қоянсүйек те әр жерде кездеседі. Жануарлар дүниесінен аудан территориясын түлкі, қарсақ, борсық, қасқыр, күзен, қоян сияқты аңдар, кеміргіштердің біраз түрлері (саршұнақ, атжалман) мекендейді, кесіртке, жыландар да кездеседі. Шағырай, Ащыбұлақ, Айрық қырларында жабайы шошқа, даланың әр жерінде киіктер тобы жайылады.

Құстардан бұлдырық, тырна, торғайлар мекендейді, көктемде үйрек, қаз, шағаланың кейбір түрлері, жылқышы, қоңыр қаз, қараторғай келеді. Азайып бара жатқан құстардың бір түрі – дуадақ та кездеседі. Киіктер қысты (егер қыс жылы болса) ауданның оңтүстік шекарасына таяу жазықта өткізеді, олардың саны қазір мүлде азайып кетті, сонымен қатар «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрық та кездесіп қалады. Бұларды аулауға тыйым салынған.

Ауданның негізгі өзендері Жем мен Сағыз. Сонымен қатар Ащысай, Шетірлі, Кенжалы, Алшынсай, Шаған, Қияқты, Тереңсай, Жиделі, Жарлы, Ебейті, Дауылды, Қарауылкелді, Саралжынды, Қамысты, Мәні, Жайынды, Терісаққан сияқты шағын өзендер мен сайлар бар. Қар суымен қоректенетін бұлар жаз айларында кеуіп қалады, кей жылдары Жем, Сағыз өзендеріне құяды. Жем, Сағыз өзендерінің өзі жаздың ыстық айларында бөлшектеніп, қарасулар тізбегін құрап жатады. Өзендердің көпшілігі мал суаруға, ішінара көкөніс суаруға пайдаланылады. Алаптары – жайылым. Аудан территориясында жазда құрған қалатын Сарыкөл, Күйгенкөл, Ақкөл, Көкбұлақ, Шөптікөл, Қоскөл, Қаракөл, Дәуіткөл, Тамдыкөл, Үлкен Жуалы, Шалқаркөл, Толағайсор көлдері бар. Ауданды жерасты суларына бай өлке деп санауға болады.

Аудан жері мұнай мен газ қорына бай. Ірі мұнай кен орындары болып Жаңатаң, Лақтыбай, Ақжар, Шығыс Ақжар, Қаратөбе, Оңтүстік Қаратөбе саналады, бұлар негізінен Жем өзенінің сол жағалауында орналасқан. Табиғи байлықтың бірі – кир (битум), бұл жол құрылысына кеңінен пайдаланылатын шикізат. Оның қоры ауданда мол, көбірек кездесетін маңы Мортық, Алтай (Мырзаның Адыры), Дөңгелексор, Ақшоқы, Алашқазған. Ауданның шалғай оңтүстігінде табиғи газдың қоры бар деп есептелінеді.

Ауданның табиғи байлығы мол, бірақ кейінгі 20 – 30 жыл ішінде түрлі сыртқы жерлерден жайылымдардың тозуы, өзен, көлдердің тартылуы, жалпы қуаңдану процесі жиірек байқалуда. Басты себептердің бірін мамандар ауданның оңтүстік бөлігінің Арал теңізіне жақын болуынан деп те түсіндіреді. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – аудандағы жер ресурстарын ұтымды пайдалану, әсіресе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бүлдірмей, ысырапсыз пайдалану болып отыр.

Табиғи байлық – жерімізді бүлдірмей, оны сақтай білу әр азаматтың міндет, парызы. Ауданда табиғи орман, тоғайлар жоқ, осыған байланысты көгалдандыру ісінің маңызы бұл аймақ үшін зор. Аудан тұрғындары өз аулаларында, көшелерде, парктерде, мектеп, мекеме айналасында мыңдаған түп түрлі ағаштар отырғызды, Байғанин, Жарлы, Жарқамыс, Қопа ауылдарында көз тартарлық саябақтар орнады, мектептерде оқушылардың айналаны көгалдандыру жөніндегі топтары жұмыс істеуде.

ХАЛҚЫ

Ауданның қазіргі территориясында 1897, 1913 және 1926 жылдары өткізілген Бүкіл Ресейлік және Бүкілодақтың халық санағының нақты деректері жоқ, себебі 1928 жылға дейін қазіргі территория түрлі әкімшілік бөліністердің құрамында болып келді. Кейбір ресми емес деректер бойынша 1926 жылы қазіргі Байғанин ауданының территориясында 80 мыңнан астам халық тұрған делінеді. Мұның өзі нақты, дәл болмаса да шындыққа жуықтайтын сияқты. Себебі, Табын аудандық партия комитеті хатшысының 22.03.1932 жылғы ВКП(б) Ақтөбе облыстық комитетіне ауданның саяси және шаруашылық жайы туралы түсірген мәлімдемесінде 1930 жылы ауданда 11781 шаруашылықтың, оларда 62663 ауыз болғандығын, ал 1931 жылы 5769 шаруашылықта 27943 адам қалғанын жазады. Егер, 1928, 1929 жылғы байлардың мал – мүлкін тәркілеу, одан кейінгі колхоздастыруға зорлап көндіру науқандарының лаңынан көптеген тұрғындардың Қарақалпақстан мен Түркменстанға ауа көшкендерін және олардың көпшілігін қайтаруға мүмкіндік болмағанын есепке алсақ, сондай – ақ халық санының есепке алынуының осы саяси жағдайдан кейін жүргізілуін (1930) ескерсек, аудан территориясындағы адам санының 1926 жылғы санақта 80 мыңнан асып кетуі мүмкін деп пайымдауға болады. Осы жағдайды дәлелдей алатын тағы да бір жәйт мынадай.

Аудан құрылған кезде, 1931 жылға дейін 25 ауылдық Кеңес болған, ал 1931 жылы 15 ауылдық Кеңес қалыпты. Сонда 10 ауылдық Кеңестің 30 мыңдай халқы қайда кетті, бұл кезде ашаршылық әлі басталған жоқ еді. Ал сол 1931 – 1932 жыл аралығында халық саны тағы да 34720 адамға, яғни 52% ке төмендеді, бұл жерде көшуден гөрі аштық салдарынан шығын болушылардың саны көбірек болуы мүмкін. Халықтың азаю тенденциясы мұнымен бітпей, үдей түскен. 1939 жылғы КСРО да бүкілодақтың халық санағы өтті, ал оның алдында, яғни, 1937 жылы да халық санының алдын ала есебі жүргізілген болатын, бұл кезде аудан халқының саны 11 мыңға жуық болды.

Бұл өте төмен көрсеткіш еді, 1930 жылмен салыстырғандағы халық саны 1937 жылы бар - жоғы 17% болды. Халықтың көшіп кетуі бар, шығыны бар 83 процентке азайғаны көрініп тұр.

1939 жылғы санақ бойынша халық саны 13779 адам болды, яғни 1937 жылғы құлдырау шегімен салыстырғанда 125% ке өсті, бұл екі жыл үшін өте үлкен көрсеткіш еді, алайда бұл көбеюді тек табиғи өсім деп түсіну қате болар еді, мұнда халықтың едәуір көбеюін босып кеткен елдің 1937 жылдан кейін там – тұмдап болса да елге оралған адамдарының да үлесі мол болуы тиіс.

1941 – 1945 жылғы Ұлы Отан соғысы кезеңінде бұл көрсеткіш тағы да төмен түсіп кетті, соғыстан келмегендер және соғысқа байланысты жанама шығыннан аудан халқы тағы да кеміді. Бірақ 1932 – 1933 жылғы ойсырай кемумен салыстыруға болмайды, ол кезеңде табиғи өсім болмаған, тек қырылу тән болса, 1940 – 1946 жылдары аз да болса табиғи өсім байқалды. Халық санының күрт өсуі 1946 – 1959 жылдар аралығында және 1959 – 1970 жылдар аралығында айқын сезіледі. Осы жылдарда халықта табиғи өсім басымырақ болды, алайда жастардың қалаға қоныс аудару тенденциясы да осы кезеңде басталып, жалпы өсім деңгейі бірқалыпты жағдайда болды. 1970 жылы 1940 жылмен салыстырғанда тұрғындар саны 163% болды, яғни 13,8 мың адамның орнына 22,5 мың, халық саны 8800 адамға жуық көбейді. Аудан халқы 1979 жылы 26368 адам болса, 1989 жылы 27331 адам болды. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы аудан халқының ең жоғарғы көрсеткіші осы болды, алайда бұл ауданның 1930 жылғы халқының небәрі 43 процентінен сәл – ақ асатын еді. Сөйтіп өткен ғасырда Байғанин ауданының халқы не түрлі демографиялық өзгерістерге ұшырап, ойсырай кеміді, заман тыншып, тіршілік қалыпқа келгеннен кейін де 30 – жылдардың басындағы санының жартысына да жете алмады. Ф.И.Голощекин, А.Гитлер сияқты қанқұйлы жауыздардың салған ылаңының іздерін осы демографиялық көрсеткіштен айқын байқауға болады. 1950 – 1970 жылдардың аралығындағы халықтың табиғи өсу коэффиценті өте жоғары болса, 1970 жылдардан кейін оның аздап бәсеңдегені, ал 1990 жылдарға қарай тағы да төмендей бастағаны айқын аңғарылады. Оған 1999 жылы елімізде жүргізілген санақ қорытындылары дәлел бола алады. Яғни 1999 жылы халық саны 24652 болып, 1989 жылмен салыстырғанда 93,5% болған, немесе 2679 адамға азайған. Бала туудың азаюына қоса, 1990 жылдардың орта шешінде ауданнан біраз тұрғындардың Ақтөбе, Алға, Қандыағаш қалаларына көшіп кетуі де халық санының азаюы себептерін туғызды. Кейінгі жылдары, яғни ХХІ – ғасыр басталуымен көшу бәсеңсіді, бала туу деңгейі де сәл – пәл болса да көтерілуге бет бұрды. Сонымен бүгінгі таңда аудан халқының саны 24 мыңдай адам, оның 8730-ы аудан орталығында тұрады.

 
Copyright © Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі